«Айбын-2026» халықаралық додасы басталады

21 маусымда Ақмола облысында халықаралық «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталады.

Биыл Щучинск қаласындағы оқу-жаттығу орталығы көршілес 5 мемлекеттен келетін 900-ден астам жеткіншектің басын қоспақ.  Дәстүрлі «Айбын» жиынына биыл Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 53 команда келген. Қатысушылар әскери кросс, тактикалық ойындар мен ату мен  жүзуден бақ сынайды. Биылғы додада алғаш рет жасанды интеллект пен IT-технологиялар бағыты енгізіледі. Жас сарбаздар FPV-дрондарды басқару, киберқауіпсіздік пен робототехника жобаларын таныстырмақ.  Ұйымдастырушылардың айтуынша жарыстан тыс уақытта жастар үшін Бурабайға экскурсиялар, ұлттық спорт сайыстары мен әсерлі дрондар шоуы ұйымдастырылады. Шара 27 маусымға дейін жалғасады.

Мейірбек Меңдіғалиев, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ төрағасы, майор:

- Халықаралық деңгейде ел намысын Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің кадеттері қорғайды. Әзербайжан атынан Гейдар Әлиев пен Жәмшид Нахчыванский атындағы әскери лицейлердің курсанттары келеді. Беларусь елдегі ең көне әскери оқу орындарының бірі – Минскідегі Суворов әскери училищесінің командасын жібереді. Қырғыз елінен Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Дайыр Асанов атындағы Ұлттық әскери лицейдің тәрбиеленушілері қатысады. Ресейден 1,7 миллионнан астам бала мен жасөспірімді біріктіретін «ЮНАРМИЯ» бүкілресейлік әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері келеді. Өзбекстан намысын «Ватан таянчи» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қорғайды.

Сағынтай Сағынбек, «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының қатысушысы:

- ҚР абыройын қорғау біз үшін үлкен мәртебе, үлкен мақтаныш. Дәл осы жарысқа қатысқанмын. Ол жерде ату сайыстарынан жүлделі бірінші орынды алғанмын. Біз командамен үлкен дайындықтан өттік. Командалық біліктілікті үйрендік.