Әділетхан Молдаханның ісі: Халық 11 миллион теңге жинап берді
Әділетхан Молдаханның жұбайы Бақыт Мұсабекова, журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында жәбірленуші тараптың талап арызынан кейін туыстары мен блогерлер халықтан қаражат жинауды бастаған, деп хабарлайды "24KZ".
Осыған дейін, жәбірленушілер Серік Шумаев пен Ержан Ұзабаевтың адвокаттары моральдық және материалдық зиянды өтеу ретінде жалпы көлемі 22 миллион теңге талап етіп, сотқа арыз түсірген болатын.
Ресми шағымнан кейін Ә. Молдаханның бауырлары мен белсенді блогерлер оның жұбайының есепшотын жариялап, елден көмек сұраған. Айыпталушының әйелінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда халықтың қолдауымен 11 миллион теңге жиналып үлгерген.
Кешірім сұрау керек болса, дәл қазір де сұрауға дайынбыз, - деді ол өз сұхбатында.
Сондай-ақ, жұбайы Әділетхан Молдаханның артында кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы қалғанын алға тартты. Ол бүкіл отбасы мен тілеулес халық ерінің бостандыққа шығуын тағатсыздана күтіп отырғанын жеткізді.