Әскердегі әлімжеттіке тосқауыл: Жаңа жүйе енгізілді

Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілердің құқығын қорғауға бағытталған арнайы өтініштерді қабылдаудың цифрлық жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңа сервистің басты мақсаты -  әскер қатарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және әскери ұжымдарда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту.

Енді сарбаздар өз құқықтарының бұзылғаны туралы ақпаратты цифрлық жүйе арқылы жедел жолдай алады.

Әлімжеттік және күш қолдану фактілері, заңсыз ақша жинау, психологиялық қысым көрсетілсе және өзге де құқыққа қайшы заңсыз әрекеттерді бірден хабарлай алады.

Келіп түскен әрбір шағым мен хабарламаның уақтылы қаралуын қамтамасыз ету үшін Қарулы күштердің Әскери полициясы бас басқармасы жанынан бірыңғай «Жедел желі» Call-орталығы құрылды. Әрбір өтініш бойынша заң шеңберінде қатаң шаралар қабылданатын болады.

Жаңа жүйенің маңыздылығы туралы ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасының профилактика басқармасының бастығы, подполковник Әділхан Қалиев түсіндіріп өтті.

Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті қауіпсіз өткеруге жағдай жасайды,- деді подполковник.

Сонымен қатар, Әділхан Қалиев әскери қызметшілерді кез келген заң бұзушылыққа бейжай қарамауға және уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауға шақырды. Өйткені, ақпараттың ерте түсуі кез келген келеңсіздіктің алдын алуға және әскердегі заңдылықты мүлтіксіз сақтауға мүмкіндік береді.