Тоғызқұмалақ мәдени байланысты нығайтады

Қытайда қазақтың ұлттық құндылықтары жиі дәріптеледі. Бұған Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығының ашылуы түрткі болды. 

Түрлі іс-шаралардың арқасында қытайлар қазақтың әдет-ғұрпын, тілі мен тарихын, салт-дәстүрін көбірек біле бастады. Қазір орталық әсіресе ұлттық ойындарға ерекше мән беріп отыр. 

Бұдан былай Бейжіңде Тоғызқұмалақ тұрақты түрде насихатталады. Бұл іске көрші елде білім алып жүрген жастар тартылады. Олар көне ойынды Қытай қоғамына үйретіп, жаттықтырады. Алғашқы іс-шара Қазақстанның Қытайдағы мәдениет орталығында өтті. Онда көне ойынның шығу тарихы мен ережесі таныстырылып, шеберлік сағаты ұйымдастырылды. 

Зельфира Кенжебекова, студент:

- Мен оларға қытай тілінде «Яң ды шы» деп айттым. Олар бірден түсінді. Кейін «Бұл құмалақ па?» деп сұрады. Мен оларға қазіргі кезде ойын пластиктен жасалған құмалақтармен ойналатынын, ал бұрын адамдардың нағыз құмалақты пайдаланғанын түсіндірдім. Олар бұған таңғалды. Жалпы қытайлықтар осындай зияткерлік ойындарды жақсы көреді. Әсіресе математикамен байланысты ойындарға қызығушылықтары жоғары. Олардың қызығушылығын байқап жүрмін. Болашақта мен де оларға осы ойынды үйреткім келеді.

Ұлы даланың ең көне стратегиялық ойыны қазақ пен қытайдың қарапайым адамдары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталады. Келушілерді үйренуге ойынның тарихы, зияткерлік бағыты ерекше ынталандырып отыр. 

Талант Оңғаров, Қазақстанның Қытайдағы мәдениет орталығы директорының орынбасары:

- Біздің келушілеріміз көбейіп жатыр. Оған тек қана жергілікті қазақтар ғана емес, қытайлар да қызығушылық танытуда. Тек қана ойынмен шектелмей, мәдени басқа да іс-шараларды өткізуге күш салып жатырмыз. Біздің мақсатымыз осы қытай жұртшылығына, Қытай еліне қазақтың мәдениетін кеңінен насихаттау және біздің мәдениетімізді ілгерілету болып табылады. 

Қазақ-қытай арасындағы мәдени алмасуда ұлттық ойындар тек спорт емес, мәдени код. Біздің Бейжіңдегі орталық олар елімізді танытып, жергілікті халықпен тығыз байланыс орнатуда дәнекер болатынына сенімді. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы