Жезқазғанда демеушілер қолдауымен бірнеше нысан жаңғыртылады
Биыл жыл соңына дейін Жезқазған мыс қорыту зауытында жаңа күкіртқышқыл цехының құрылысы басталады.
Себебі 50 жылдан бері қолданыстағы цех әбден тозған. Экологиялық талапқа сай келмейді. «Ал жаңадан салынатын нысан ауаға тарайтын зиянды газдың көлемін айтарлықтай төмендетеді», - дейді мамандар. Құрылысқа меншік иесі 200 млн доллар қаржы құйып отыр. Бұдан бөлек, кен байыту фарбикасында да ауқымды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Қазір мұнда 2 мыңға тарта адам еңбек етеді. Жылына 21 млн тонна кен өңделеді.
Марғұлан Әбдікеров, кен байыту фабрикасының цех басшысы:
- Жаңғыртудан кейін кен өңдеудегі сапа артады. Яғни аз көлемдегі кеннен құнарлы мыс қалдығын алып шығу, барынша қалдықсыз жұмыс істеу, адамдардың еңбегін жеңілдету, автоматтандыру – мақсатымыз.
Өңірде жұмыс сапарымен болған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағасбаев Жезқазғанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Жаңғыртудан өтіп жатқан «Жастар» саябағы мен Серке Қожамқұлов атындағы театрға барды. Іргетасы өткен ғасырдың ортасында қаланған нысан толықтай жаңа кейіпке енеді және заманауи құралдармен жабдықталады. Екі жобаны жүзеге асыруға демеуші есебінен 10 млрд теңге бөлінген.
Нұртас Кәріпбаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Алпауыт өңірімізде жұмыс жасап жатқан компаниялар бар. Елімізге, өңірімізге осындай жобаларды жасап, сол арқылы жұмыс орнын беріп отыр. Бұдан біздің экономикаға өзінің көмегі бар. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган көмегімен шағын және орта бизнеске де көмегі бар. Бұл дегеніміз экономиканың жүйесіне өте маңызды. Осындай жобаларды әрқашан қолдап кәсіпкерлермен бірге жұмыс жасаймыз.
Сондай-ақ Кеңгір су қоймасы жағалауы абаттандырылып, көпшілік демалатын орын жасалады. Бұл да облыс әкімдігі мен жер қойнауын пайдаланушы ірі компания арасындағы меморанум аясында жүзеге асып отыр. Жалпы жыл санап өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Жыл басынан бері өңірге 96 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге көп.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нүрбол Үздікбаев