Қарағанды облысы аса ауыр қылмыстарды ашуда озық технологияны қолданады
Қарағанды облысында ауыр және күрделі қылмыстарды ашуда заманауи криминалистикалық технологиялардың ролі артып келеді.
Арнайы жарық көздері, георадарлар, ДНК-сараптамалары мен жылжымалы криминалистикалық зертханалар құқық қорғау органдарына бұрын байқалмаған айғақтарды анықтауға мүмкіндік беруде. Бұл Қазақстан полициясы күні қарсаңында әділдіктің салтанат құруына және қылмыстарды әшкерелеуге үлес қосып жүрген криминалист-сарапшылардың еңбегі.
Киім жуылғаннан кейін де қан іздерін анықтау, көзге көрінбейтін саусақ бедерлерін табу немесе георадардың көмегімен бірнеше метр тереңдіктен адам сүйегін іздеп шығу криминалист Аида Жүсіпованың күнделікті жұмысы. Ол Қазақстандағы үздік криминалист мамандардың бірі. Заманауи технологияларды жетік меңгерген маман көптеген күрделі қылмыстардың ашылуына үлес қосып келеді.
Аида Жүсіпова, ПД жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі:
- Әрбір іс, әрбір дәлел осы қылмыстың ашылуына ықпал етеді және де сол дәлелді сөйлете алатын біздің криминалист мамандар. Криминалистика бізде дәлелдемелерді жинауда, оларды анықтауда, оларды алуда, бекітуде үлкен роль атқарады. Біздің жалпы жұмысымыз содан құралады.
Заманауи технологиялар криминалистерге жоғалғандай көрінген айғақтарды қайта зерделеп, тіпті жылдар бұрын жасалған қылмыстарды ашуға мүмкіндік береді. Соның бірі осыдан он жыл бұрын тіркелген зейнеткер әйелдің өліміне қатысты іс. Тергеу барысында сақталған заттай дәлелдемелерге қайта сараптама жүргізіліп, ДНҚ зерттеулерінің көмегімен күдіктінің жеке басы анықталды.
Аида Жүсіпова, ПД жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі:
- Оқиға орнын қарау барысында қою, қызыл түсті іздер табылған болатын, биологиялық із. Сол биологиялық ізді біз сараптамаға жібере отырып, сол сараптаманың негізінде осы шаралар жүргізілді. Тергеу әрекеттері және жедел іздестіру шаралары жүргізілген болатын.
Қылмыс орнында жұмыс істеу тек тәжірибені ғана емес, сонымен қатар жоғары дәлдіктегі заманауи құрал-жабдықтарды да талап етеді. Осы мақсатта мамандар жылжымалы криминалистикалық кешендермен қамтамасыз етілген. Мұндай мобильді зертхана толыққанды сараптама кабинетін алмастыра алады. Арнайы техникалардың бірі криминалистикалық жарық көзі. Оның көмегімен көзге көрінбейтін немесе әлсіз байқалатын іздер анықталып, маңызды заттай дәлелдемелерді табуға мүмкіндік туады.
Бекжарас Сүлейменов, ПД жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы:
- Тереңдігі 5-6 метр жердегі көмілген мәйіттерді табу үшін арналған және криминалистикалық жарық көзі бар бізде. Ол аппарат бізде оқиға орындарында жақсы қолданылады. Жақын арада ауыр қылмыс болған. Сол кезде күдікті адам қылмыс жасағаннан кейін өзінің киімдерін жуып тастаған. Сол кезде киімдерінен қан іздерін сол аппаратпен таптық.
Қазақстанда мұндай жылжымалы криминалистикалық кешендердің саны небәрі екеу ғана. Олардың екеуі де Қарағанды облысында орналасқан. Сондықтан өңір мамандары еліміздің өзге аймақтарындағы әріптестеріне де жиі қолдау көрсетіп, күрделі істерді тергеуге атсалысады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақанбаев, Аман Хамит