60-қа жуық пышақ жарақаты: Сәрсемалиев ісі бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды

Атырау облысында төрт адамды асқан қатігездікпен өлтірді деген айып тағылған  Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты өтіп жатқан сот процесінде оның  құрбандарына 60-қа жуық пышақ жарақатын салғаны айтылды,  деп хабарлайды «24KZ».

Ақ жайық мәліметінше,  Сарсемалиевтің жұбайының туған әпкесі - Мирамгүл Қарабалинаға 32 соққы, оның ағасы Наурыз Мұқанғалиевке - 10, отбасының отағасы Мақсот Қарабалинге - 9 пышақ жарақатын салған, ал жұбайының анасы - Нәсіп Өтешқалиеваға 8 соққы тиген.

Сотта айыпталушы Сарсемалиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Мирамгүл Қарабалинаны, сондай-ақ жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар сотталушы Наурыз Мұқанғалиевті өлтіруді алдын ала жоспарламағанын айтқан.

Сондай-ақ, сот отырысында сот-медициналық сарапшы Сержан Сейдешев марқұмдардың денесінен табылған жарақаттар жөнінде түсініктеме берді. Оның мәліметінше, қайтыс болған екі адамның денесінде сүйекке дейін жеткен, тереңдігі 10–18 сантиметр аралығындағы жарақаттар анықталған.

Сарапшы Наурыз Мұқанғалиевтің денесіндегі кейбір жарақаттардың нақты көлемін белгілеу қиындық туғызғанын айтты. Өйткені мәйіттің шіру процесі жарақаттардың бастапқы өлшемдерінің өзгеруіне әсер етеді.

«Мәйіт шіріген сайын жарақаттардың көлемі кішірейеді. Бірінші жарақаттың тереңдігі 8–10 сантиметр болса, үшінші жарақат 10–12 сантиметрді құраған. Бесінші жарақаттың тереңдігі де 10–12 сантиметр шамасында, ал оныншы жарақат 12–15 сантиметрге жеткен. Осы төрт жарақат ішкі ағзаларға зақым келтірген», – деді сарапшы.

 Сот процесі жалғасып жатыр.