Жанабыловтардан тәркіленген көліктер сатылымға шықты
Астанада сотталған танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеновадан мемлекет пайдасына тәркіленген автокөліктер сатылымға шығарылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында пайда болды, деп хабарлайды «24KZ».
Мемлекеттік порталда барлығы 8 хабарландыру орналастырылған. Олардың барлығы - 2025 жылы шыққан, су жаңа Hyundai Elantra маркалы автокөліктер.
Құжаттарға сәйкес, бұл көліктер блогердің сотталған жұбайы Эльмира Төлегенова басқаратын «Zhana Business» ЖШС-не тіркелген болып шықты.
Қазіргі уақытта тәркіленген көліктер Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы теңгеріміне өткізілген.
Хабарландыруда көліктердің бастапқы саудалану бағасы көрсетілмеген. Алайда, сарапшылардың бағалауы бойынша әрбір көліктің нарықтық құны 8 395 000 теңге шамасында.

Қарапайым азаматтар жеке тұлғалар бұл аукционға қатысып, көліктерді сатып ала алмайды. Ережеге сай, бұл мүліктерді сатып алуға тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президенттің, саяси қызметкерлер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін ведомстволардың ғана құқығы бар.
Еске сала кетейік, сәуір айының соңында Астана соты танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім шығарған болатын. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деп айыпты деп танылды.
Эльмира Төлегеноваға - мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бірақ жазаны өтеу мерзімі 2 жылға шегерілді.
Ерболат Жанабыловқа - мүлкі тәркіленіп, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Блогерлер сотқа дейін мемлекетке келген 247,6 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өз еркімен толық өтеп берген.
Судья Әділбек Баймахановтың шешімімен, айыпталушылардың жоғарыда айтылған 8 дана Hyundai Elantra көлігі мен 17 дана iPhone 16 телефоны мемлекет пайдасына тәркіленді.
Ал олардың қымбат үлгідегі Lamborghini Urus және Lexus LX600 көліктері өздеріне қайтарылды.