Қызылордада 14 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді

Қызылорда облысында халық денсаулығын қорғау жолында 14 мыңға жуық маман еңбек етеді. Олардың басым бөлігі орта буын медицина қызметкерлері.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының өзінде 400-ге жуық мейірбике қызмет атқарады. Кішкентай науқастардың ата-аналары оларды «ақ желеңді абзал жандар» деп атайды. Себебі мұнда түскендер мейірім мен шапағатқа зәру.

Әдетте қандай науқас болмасын ем-домнан гөрі дәрігерлердің мейірімінен жанына жылу алатыны анық. Соның ішінде сәбилер үшін ыстық ықластың орны ерекше. Оларға ем-шара жасау үшін тек кәсіби маман болу жеткіліксіз, жан жылуы керек.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер, мейірбикелеріне балалардың өмірі сеніп тапсырылған. Солардың бірі Роза Сақтапова 30 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт ішінде оның алдынан мыңдаған сәби дертіне шипа тапты.

Роза Сақтапова, Көпбейінді балалар ауруханасының мейірбикесі:

- Бұл жерге түскен балалармен жұмыс жасағанда біз олардың мамасы да, папасы да, тәтесі де боламыз. Балаларға ем-шара жасар алдында барлық махаббатымызды бөліп, жанашырлықпен ем шараны жөнді алуын қадағалаймыз. Балалардың тілімен сөйлесе аламыз.

Аурухана тірлігі қашанда қарбаласқа толы. Әсіресе патология және жансақтау бөлімдерінің дәрігерлері ауыр да, жауапты жұмыс атқарады. Мұнда өмір үшін күрес күні-түні толастамайды.

Гүлбаһар Сұлтанахметова, қала тұрғыны:

- Нәрестелер бөлімінде емделіп жатырмыз. Баламның жағдайы қатты ауыр болды. Қазір балам жақсарды. Осындағы барлық медицина қызметкерлеріне, дәрігерлерге алғысым шексіз.

Раушангүл Еламанова, Көпбейінді балалар ауруханасы бөлімшесінің аға мейірбикесі:

- 1 жасқа дейінгілер түседі, 1-3 жасқа дейінгілер түседі.  Жасөпірім 14 жасқа дейін балалар түседі. Бәріне біз бірқалыпты мейіріммен қараймыз. Мейірбикенің біліктілігі профессионалдық біліктілігіне өте жақсы тәжірибе керек. Сондықтан барлық мейірбикелер жоғарғы санатты.

Қызылорда облысының медициналық мекемелерінде 3 мыңға жуық дәрігер мен 11 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың көзге көріне бермейтін қызметі адам өмірімен өлшенеді десек, артық айтқандық емес. Себебі жаның қиналып, жақының дертті болса бассүйерің  осы ақ халатты абзал жандар екені анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев