Тәртіп сақшылары тазалықты қатаң бақылайды

Абай облысында жыл басынан бері экологиялық заңнаманы бұзудың 7 мыңнан астам фактісі тіркелді. 

Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тәртіп сақшылары қоғамдық орындар мен демалыс аймақтарындағы тазалық талаптарының сақталуын бақылауды күшейткен. Кезекті рейдтік іс-шаралар Семей қаласындағы жағажай аумақтарында өтті. 

Қаладағы жағажайларда түстен кейін халық қарасы көбейе бастайды. Рейдке шыққан полицейлер аз уақытта 50 шақты адамды жауапқа тартып үлгерді. Оларға қоғамдық орында спирттік сусындар ішкені, айналасына қоқыс тастағаны және майда бұзақылық жасағаны үшін ескерту беріліп, айыппұл салынды. Тәртіп сақшылары құқықбұзушылықтарды анықтау үшін дрондарды да кеңінен қолданады. 

Қымбат Шалғамбаева, облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:

- Жыл басынан бері аймақта 6870 құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылды. Соның ішінде қоғамдық орындарды ластаудың 551 дерегі анықталды. Елді мекендерді абаттандыру ережелерін сақтамау, инфрақұрылымдық нысандарды бүлдіру, жасыл желекке зиян келтіру сынды 6379 дерек анықталды. Экологиялық заңнаманы бұзғандарға тиісті шара қаралды.

Рейдтердің басты мақсаты – демалушылармен түсіндірмелік жұмыстар жүргізіп, құқық бұзушылықтың алдын алу. Көпшілік тәртіп сақшыларының бұл бастамасын қолдайтынын айтады. 

Полиция қызметкерлері қоғамдық орындардағы тазалықтың сақталуын алдағы уақытта да тұрақты бақылауда ұстайды. Әсіресе тұрғындар мен демалушылар көп жиналатын саябақтар, жағажайлар және демалыс аймақтарына ерекше назар аударылмақ. Тәртіп сақшылары қоршаған ортаның тазалығы әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Мамандардың айтуынша, табиғатты қорғау мен қоғамдық орындарды таза ұстау тек бақылаушы органдардың ғана емес, әрбір демалушының ортақ міндеті.

 Авторлары: Рият Шонин, Ботагөз Дәндібаева, Мәди Базарбеков