Алматы облысындағы Бура ауылы ішімдіктен толық бас тартқан
Алматы облысының Бура ауылында соңғы төрт жылда бір де бір қылмыс тіркелмеген.
Тұрғындардың айтуынша, қоғамдық тәртіптің сақталуына алкогольден бас тарту оң әсер еткен. Бүгінде ауыл халқы елді мекеннің тыныс-тіршілігіне белсенді араласып, ортақ жауапкершілікпен қоғамдық тәртіпті сақтап келеді.
Төрт жыл бұрын Балқаш ауданындағы Бура ауылының тұрғындары алкогольден бас тарту туралы ортақ шешім қабылдады. Ақсақалдар бастама көтеріп, жастар оны қолдаған. Қазір ауыл дүкендерінің сөрелерінен алкоголь мен темекі өнімдерін кездестірмейсіз.
Ардақ Ұзақбаева, Бура ауылының тұрғыны:
- Ауылымыз өте тәртіпті. Балалары да тәртіпті, жастар, қылмыстық істер болмайды. Дүкендерімізде артық нәрсе сатылмайды. Әйтеуір тыныш, тып-тыныш жатқан ауылмыз.
Дәулетбек Бітанов, Бура ауылының тұрғыны:
- Қазір тойлар да арақсыз өтіп жатыр ғой. Осы жерде ауылымызда той да арақсыз өтіп жатыр. Енді ол арақ дегенді тыйған жақсы. Бұған қосыламыз.
Ішімдіктен бас тартқан елді мекенде 4 жылдан бері бір де бір қылмыс тіркелмеген. Тұрғындар мұны ауылдағы ауызбіршілік пен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі деп санайды. Мұнда жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, салауатты өмір салты кеңінен насихатталады.
Бекзат Байытдүйсен, учаскелік инспектор:
- Қазіргі уақытта Бура ауылында қылмыс тіркелмеген. Бұрын-соңды да тіркелмеген. Бұрын-соңды осы ауылда спирттік өнімдер сатылмаған және сатылмайды да. Ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып осы “Арақсыз ауыл” атты жобаны қолдап отырмыз.
Бүгінде Алматы облысында 23 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартқан. Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай елді мекендердің саны жыл сайын көбейіп келеді.
Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөңкешов