Ақмола облысында вейп сатқан қылмыстық топ ұсталды
Ақмола облысында вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз саудалаған қылмыстық топ ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратурамен бірлесіп, бұл бизнестің жолын кесті. Күдіктілер өнімдерді әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы сатып, курьерлік қызметпен жеткізіп отырды. Олар 221 миллион теңгеден астам табысын дропперлердің есепшоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Сот санкциясымен күдіктілердің пәтері мен автокөлігіне тыйым салынып, ұйымдастырушы қамауға алынды. Айта кетерлігі, жыл басынан бері елімізде вейптердің заңсыз айналымына қатысты 12 сотқа дейінгі тергеу басталды. 717 мың данадан астам өнім тәркіленген.