Ақтөбеде өрттен зардап шеккен науқас ауыр халде жатыр
Ақтөбедегі жанар-жағар май бекетінде болған өртте зардап шеккен азамат ауыр халде ауруханада жатыр. 54 жастағы науқастың денесін жартысына дерлік күйік шалған. Оқиға салдарынан көлік салонында отырған әйел мен кәмелетке толмаған екі бала қаза тапты. Жарылыс қаупі бар нысандарда қауіпсіздік ережелерін сақтамау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жанар-жағар май бекетінің иесі уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Тергеушілер оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Раймбек Шойтасов, реаниматолог:
- Пациент біздің реанимация бөлімшесінде үшінші тәулік, жағдайы тұрақты ауыр, есі анық, геодинамика барлығы тұрақты, қажетті толық көлемде ем алып жатыр. Дәрігерлердің бақылауында, дәрі-дәрмектің барлығы жеткілікті қамтамасыз етілген. Пациентті 45 пайыз күйік шалған, ем алып жатыр.