Онлайн сауда дәуіріндегі жаңа сын-қатерлер
Елдегі ойын-сауық орталықтарындағы қыз-қыз қайнаған сауда бүгінде бәсеңдеген. Оған онлайн нарықтың жылдан жылға қарқын алуы себеп.
Былтыр цифрлық сауда үлесі 15 пайызға жетсе, 2029-шы жылға қарай бұл көрсеткіш 19 пайызға жуықтайды деген болжам бар. Мамандар онлайн коммерцияға сұраныс бәсеңдемейтінін айтады. Сауда нысандарындағы кәсіпкерлер құрдымға кетпей ме?
Астана тұрғыны Айым Жанбалаева онлайн сауданы құп көреді. Оқу мен жұмыстан бос уақыт қалмайды, сондықтан киім-кешек пен косметика алуда маркетплейске жүгінемін. Дүкендерге тек азық-түлік үшін барамын, - дейді.
Айым Жанбалаева, қала тұрғыны:
- Маған онлайн тапсырыс берген ыңғайлы. Себебі үйден шықпай, жәй ұялы телефонда отырып беру оңай деп ойлаймын. Бірақ ньюанстары бар, өлшемдері келмей қалады. Сапасы жағынан жаман болып қалуы мүмкін. Арасында кері қайтарған кездерім де болған. Ол кезде де ақшаны тез қайтармайды сол жағынан қиын. Ал былай онлайн сауда жасаған мен үшін ыңғайлы.
Салалық ведомствоның мәліметінше, 2024-ші жылы электронды сауданың үлесі 14 пайыз болған. Былтыр көрсеткіш 15 пайызға жетті. Ал 2029 жылға қарай онлайн сауда көлемі 18,5 процент болуы мүмкін.
Бұл тұста Мәжіліс депутаттары елдегі ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері дағдарыс алдында тұрғанын айтып, дабыл қақты. Қазірдің өзінде дүкендер қаңырап тұр. Халық қалаулылары мәселенің шешімін де ұсынды.
Электронды сауда
2024 жылы – 14,1%
2025 жылы – 15%
2029 жылы – 18,5%
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сауда және интеграция министрлігі бизнестің құлдырауын күтпей, кәсіпкерлермен бірігіп арнайы бағдарлама әзірлеуі керек. Сауда орталықтарын сақтап қалудың жолы – оларды тек зат сатып алатын жер емес, көпфункционалды қоғамдық кеңістікке айналдыру. Яғни нысандарда балаларға арналған спорттық аймақ және білім беру мекемесі секілді аумақтарды құру қажет. Мұндай ауқымды реконструкция жасау – кәсіпкерлерге қомақты қаржыны талап етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан нақты қолдау шараларын қарастыруды ұсынамыз.
Қашықтан сауда жасау арқылы уақыт үнемделеді. Алайда тапсырыс берген тауардың қолға түсе бермейтіні тағы бар. Технология дамыған заманда алаяқтардың айласы да артқанын ұмытпаған жөн. Мәселе тек электрондық коммерцияға емес, жалпы сауда нарығына байланысты.
Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жылдар бойы бізде риелторлар да алдап кетеді, жиһаз жасаушы да алдап кетеді деген мәлімет күнде шығып жүр. Енді бұған айтарым, біз Парламент тұсында 2026 жылы «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңды қарастырдық және оның аясында тетіктер бар. Ал жалпы осы тұтынушылар да кез келген тауарды алған кезде өз құқықтарын алдын ала қорғауды ойлауы қажет. Яғни келісімшарт болуы, кімнен қандай тауар алғаны туралы мәлімет алып, түсінбейтін жерге ақша жібермей мысалы перевод арқылы, қолма-қол ақша бергенде чек алып, осылай өздерін қорғай алады.
Елде 120-дан астам шетелдік маркетплейс тіркелген. Тізімде Apple, Amazon және Alibaba секілді алпауыт компаниялар бар. Олар соңғы 3-4 жылда еліміздің экономикасына 145 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Мамандар онлайн нарыққа қызығушылық бәсеңдемейтінін айтады. Ал депутаттар сауда орталықтарындағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, салада тепе-теңдік сақтауды ұсынады.
Авторы: Альмира Оразбай