Сауалнама: Қазақстандықтардың 72,7%-ң несиесі немесе қарызы бар
Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 72,7%-інің несие немесе қарыз міндеттемесі бар. Оның ішінде 39,7%-і бір несие төлеп жүрсе, 33%-інің бірнеше несиесі бар. Ал респонденттердің 27%-і қарызы жоқ екенін айтқан, деп хабарлайды «24KZ».
Зерттеу деректері бойынша, қарыз алушылардың жартысына жуығы (46,7%) ай сайынғы табысының 50%-тен астамын несие төлеуге жұмсайды. Тағы 24,5%-і табысының 25%-тен 50%-ке дейінгі бөлігін несиелерін жабуға бағыттайды.
Ең кең тараған несие түрі – тұтынушылық несие. Сауалнамаға қатысқандардың 70,4%-інде осындай несие бар. Сонымен қатар 45,7%-і бөліп төлеу қызметін пайдаланады. Респонденттердің 14,4%-і автонесие төлесе, 13%-і ипотекасы бар екенін көрсеткен.
Халық арасында несие немесе қарыз рәсімдеуге негізінен келесі жайттар себеп болады:
тұрмысқа қажет техника алу (24,2%);
баспана салу немесе жөндеу (18,9%);
жалақыға дейін ақша жетпеуі (17,4%);
Сондай-ақ, келесі мақсаттарға несие рәсімделген:
автокөлік сатып алу (13,7%);
басқа несиені жабу (9,4%);
ем ақысын төлеу (8,2%) және бизнесті дамыту (7,8%);
отбасындағы ірі оқиғалар (6,7%) мен оқу ақысын төлеу (6,6%);
саяхат пен демалыс (3,4%).
Қазақстандықтар несиені көбіне тұрмыстық техника сатып алуға (24,2%), баспана салуға немесе жөндеуге (18,9%) және жалақыға дейін қаржы жетпеген жағдайда (17,4%) рәсімдейді екен.
Несие алудың кең тарауы мен ай сайынғы табысқа едәуір салмақ салатынына қарамастан, қатысушылардың басым бөлігі өз қаржылық жағдайына сенімді екенін айтқан. Респонденттердің 39,1%-і алдағы бір жылда қаржылық жағдайы жақсы болады деп толық сенсе, 24,2%-і оған сенімді екенін жеткізген.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда тұтынушылық несие беру талаптары қатаңдайды. Сауалнама нәтижесі бойынша, азаматтардың 52,5%-і бұл өзгерісті қолдайды.
Сауалнамаға 2026 жылғы 10 мамырдан 23 мамырға дейін 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысқан. Қатысушылар Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 47,4% ер адам мен 52,6% әйел адам қатысты. 68,1%-і қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 31,9%-і орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 79,2%-і – қазақ, 10,6%-і – орыс, 10%-і – басқа ұлт өкілдері. Информанттардың 68,1%-і қалада тұрса, 31,9%-і ауыл тұрғындары. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-тен аспайды. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.