Алматыда үш адамның өліміне кінәлі жүргізуші сотталды
Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Адам өліміне әкелген іс бойынша Zeekr көлігінің жүргізушісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ ол өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар жәбірленушілердің біріне 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Еске салсақ, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болды. Сотталушы мас күйінде жолдың қарсы бағытына шығып, көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан 30 жастағы жүргізуші және екі жолаушы көз жұмды.
Мейірман Шекеев, адвокат:
- Сот үкіміне, иә, максималды берді ғой. Сондықтан біз қанағат тұтамыз. Азаматтық талап бойынша енді клиенттің пікірін естігеннен кейін ғана айта аламыз. Бірақ азаматтық талап бойынша да, осы бап бойынша да бұл – максималды жаза.