Астана тұрғындары түнгі құрылыстың шуынан шаршады
Астанадағы шағын аудандардың бірінің тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып отыр. Бұған бой көтеріп келе жатқан жаңа тұрғын-үй кешені себеп.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс күндіз-түні тоқтамайды. Тіпті демалыс күні де саябыр таппайды. Олар құзырлы органдарға шағымданып та көрген. Алайда, бұл әрекетінен түк шықпаған.
Қошқарбаев пен Қуанышбаев көшелерінің қиылысында орналасқан бес көп қабатты үйдің тұрғындарынан маза кеткелі жылдан асты. Алғашқы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың көктемінде басталған. Содан бері көршілер түн ұйқысын төрт бөлуге мәжбүр.
Ардақ Аринова, «Сардар» меншік иелері бірлестігінің басшысы:
- Біздің жан айқайымызға қарамастан түнімен-күнімен құрылшыс жүріп жатыр. Біздің «Сардар» кешені жолдың арғы жағында. Бүкіл қоқыс, бүкіл шаң біздің жаққа ұшады. Таңертең жұмысқа шаршап барамыз. Түнімен құрылыс тоқтамайды. Тарсыл-гүрсіл.
Марат Келдияров, тұрғын:
- Демалыс күндері де қатты шулайды. Мысалы, сағат тоғызға дейін де басталып кетеді. Бұл кісілер сегізде бастайды кейде. Демалыс күндері біз өзіміз ұйықтағымыз, демалғымыз келеді. Бірақ ол бізді ұйықтатпайды.
Мира Баймолдинова, тұрғын:
- Мен кеше кешкі сегіз жарымда тұрғын-үйді аралап жүргем. Кран жұмысын бастайтынын білдіріп он минут бойы дабыл қақты. Құрылысшылар газ блоктарын кескенде қою шаң көтеріліп, терземізге кіреді. Бәріміз соны жұтып жүрміз. Үйді жуғанда бір қарыс шаң сүртіп аламыз. Біз көлік басқармасына құрылыс алаңына кіріп-шыққанда көліктің дөңгелегі жуылуы керегін айтып шағымдандық. Алайда тексеріс келгенде құрылысшылар көзбояушылық үшін жуып жүрді де, кейін қайта ескі әніне басты.
Алайда бұл құрылыс компаниясы тудырған жалғыз қолайсыздық емес. Нысанға материал таситын жүк көліктері жолды жауып, өту мүмкін болмай қалады дейді тұрғындар.
Айгерім Қарабекова, тұрғын:
- Бұл маңдағы балалар баратын жалғыз мектеп бар. Оған оқушылар осы құрылыс алаңының жанынан өтіп барады. Ата-аналар осы жайтқа алаңдап отырмыз. Себебі жүк көліктерінің бірі кішкентай баланы көрмей қалса, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін ғой.
Рахат, тұрғын:
- Қошқарбаев көшесін, ары жақтағы кіретін жерді жауып тастады. Одан кейін бір уақытта Қуанышбаев, бері жақтағы кішкентай көшелер, сол жерлерді де кей кезде жауып тастайды. Өзіңіз көріп отырсыз, келесі Түркістан мен Сенатор көшелерінде жолдар тар. Машина кіріп-шығуы қиындық тудырады.
Құрылыс компаниясы тұрғындардан шағым түсіп жатқанын жасырмады. Мекеме тіпті келтірген қолайсыздық үшін айыппұл да арқалаған.
Максим Михайлов, «Sensata Construction Group» ЖШС бас директоры:
- Компанияның атына тұрғындардың шағымы негізінде әкімшілік іс қозғалды. Істі қарау нәтижесінде уәкілетті орган тарапынан 43 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, ол толық көлемде төленді. Осыдан кейін нысанда тыныштық режимінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында заңнама талаптарының орындалуына қосымша бақылау шаралары енгізілді.
Бізге берген жауабында компания құрылыс қала аумағында жүріп жатқандықтан қолайсыздықты барынша азайтуға тырысамыз деп сендірді. Алайда азаматтар баяғы жартас сол жартас күйінде қала ма деп алаңдайды.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Медет Қуанышев