Желідегі жауапкершілік: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

depositphotos.com

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ел арасына іріткі салып, жұртшылықты бір-біріне қарсы қоятын арандатушылық жазбалар мен пікірлер жиілеп кетті. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарға желідегі заңға қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік арқалайтынын қатаң ескертті, деп  хабарлайды "24KZ".

Қоғамда әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға бағытталған кез келген жарияланым мен пікір үшін Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жасалған іс-әрекеттің ауырлығына қарай кінәлі тұлғаға 2 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы, не болмаса 2 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелуі немесе одан айырылуы мүмкін.

Егер желіде жариялаған материалыңызда қылмыстық белгілер болмаса да, ол заңға қайшы болса (Әкімшілік кодекстің 456-2-бабы), 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалайсыз.

 Кез келген тексерілмеген, өтірік ақпаратты бөліскен адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал егер ақпараттың өтірік екенін біле тұра, әдейі елді дүрліктіру үшін таратсаңыз, іс қылмыстық сипат алып (Қылмыстық кодекстің 274-бабы), жағдай айыппұлмен ғана шектелмейді.

Репост жасағандар да жауап береді

Ең маңызды жайт: жауапкершілік тек сол мәтінді жазған авторға ғана жүктелмейді. WhatsApp чаттарда, Telegram-да немесе басқа да желілерде сол ақпаратты ары қарай бөліскен (репост жасаған), чаттарға таратқан немесе оны қолдап пікір жазған кез келген азамат заң алдында бірдей жауап береді. Яғни, «оны мен жазған жоқпын, жай ғана бөлістім» деген уәж уәж болып есептелмейді.

Құзырлы органдар азаматтарды кез келген ақпаратқа сыни көзбен қарауға шақырады. Желіден көрген дүниені бірден чаттарға тарата жөнелмей, оның қаншалықты рас екенін, ресми ақпарат көздерінде жарияланғанын тексеріп алу керек. Ел ішіндегі татулық пен өзара сыйластықты бұзатын, халықты дүрліктіретін жазбаларды жариялаудан да, таратудан да бас тартқан жөн.