Алматы облысында қоқыс тастағандар 9 млрд теңге айыппұл арқалады

Фото: depositphotos.com

Алматы облысында қоқыс пен тазалық талаптарын бұзғандарға 9 млрд теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды «24KZ».

Облыстық Полиция департаментінің мәлімдеуінше, өткен аптада қоғамдық орындарды ластау бойынша 23, ал елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын сақтамаған 522 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша 194 мың 625 теңге айыппұл салынды. Ал алғашқы жарты жылда заң талаптарын бұзған азаматтарға жалпы сомасы 9 млрд 302 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Тазалыққа салғырт қарағандардан 7,5 млрд теңге өндірілді. Осылайша  айыппұлды төлеу көрсеткіші 80,4 пайызды құрады.

Бұл туралы  Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аппарат жиынында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы  өткен жиында айтты.  рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдіктері, құқық қорғау, экология және төтенше жағдай департаменттеріне рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды. 

«Рейдтік шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді . Әсіресе демалыс аймақтары, өзен-көл жағалаулары, саябақтар мен халық көп жүретін орындар тұрақты назарда болуы керек», деді Марат Елеусізұлы.