Алматы облысында әйелге күрделі операция жасалды

Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігерлері мойын тұсындағы алып ісікті сәтті алып тастады, деп хабарлайды «24KZ»

Науқас әйел бұл ісікпен 10 жылдан астам уақыт өмір сүрген. Ауруханаға түскен кезде пациент мойын аймағындағы үлкен ісікке, тыныс алудың қиындауына, ауырсынуға және ұйқысының бұзылуына шағымданған.

Тексеру нәтижелері мен профессор Марат Ысқақовтың кеңесінен кейін дәрігерлер шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдаған.

Операция барысында хирургтер ісікті жақасты сілекей безімен бірге алып тастады. Операцияны профессор Марат Ысқақов, Найля Байшекова, Мұхаммед Ысқақов және Асылбек Ғинаятовтан құралған бригада жүргізді.

Мамандардың айтуынша, күрделі операция ешқандай асқынусыз өтіп, өмірлік маңызды мүшелер мен құрылымдарға зақым келмеген. Отадан кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарып, қалыпты тыныс алуы қалпына келген.

Дәрігерлер бас және мойын аймағында пайда болған кез келген көлемді түзілістерді елемеуге болмайтынын ескертеді. Себебі мұндай белгілер ұзақ уақыт емделмесе, ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз