Астанада мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

Бүгін – 23 маусым қоғамның айнасы болып, үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі.

Осыған орай елордада жемісті еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлер марапатталып, еңбек жолын енді бастап жатқан жас мамандар ант қабылдады.

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет. Халыққа қызмет етіп жүрген жандарға артылған жауапкершілік жоғары. Елдің сенімін ақтап, құрметіне бөлену оңай емес. Оған жету жолында білім пен білгірлік аздық етеді. Мінез-құлық мәселесі тағы бар. Осы секілді өзіне артылған миссияны мінсіз атқарып келе жатқан сала майталмандарының бірі -  Қарашаш Исмаилова. Бүгін 27 жыл еткен еңбегі еленіп, кеудесіне «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін тақты.

Қарашаш Исмаилова, ҚР Парламенті Сенаты аппаратының бөлім меңгерушісі:

- 26 жылдың ішінде өзімізге жүктелген жауапкершілікті абыройлы атқарып, сол сенімнен шығуға тырыстық. Бүгінгі жас мемлекеттік қызметшілерге айтарым, үлкен үміт пен үлкен жауапкершілік, бар ынта-жігеріңмен беріліп антыңа берік болсаң, барлық жақсылық болады.

Ал Заңғардың еңбек жолы енді басталды. 22 жаста. Бір жыл бұрын оқу ошағында дипломын қорғаған білімгер, бүгін ұлтқа қызмет етемін деп ел алдында ант берді.

Заңғар Қалдыбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жұртшылықпен байланыс департаментінің сарапшысы:

- Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант бердік. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметте өзімізді белгілі бір мемлекеттік қызметтің саласында көреміз деп ойлаймыз. Және алдағы уақытта осы жастар елімізге белгілі бір өзгерістер алып келеміз деп сенемін.

Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы қырықта. Ал жалпы саны 83 мыңнан асады. Мемлекеттің айнасы болуы тиіс мамандардың сапасын арттырып, еңбегін өнімді ету үшін соңғы жылдары шетелдік тәжірибе  енгізіліп келеді. Қызметін мінсіз атқарғандардың салада сатылай өсуіне де мүмкіндік жасалған.

Салауат Максимов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Қызметке деген іріктеу тек цифрлық форматта болады. Бұрын-соңды дәстүрлі қолданыста болған ішкі іріктеу тек мемлекеттік қызметшілердің арасында болады дегеннен біз арылып отырмыз. Әрбір вакансиялық конкурс тек мемлекеттік қызметшілер емес, барлық азаматтар квазисектордың, жеке сектордың азаматтары іріктеуге түсіп, өзінің бағын сынауға толықтай мүмкіндігі бар.

Елімізде қай салада болмасын еңбегі ерен жандар ешқашан елеусіз қалған емес. Іс-шара барысында «Үздік қызметші» медалі мен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды қабылдауға үлес қосқан Парламент қызметкерлеріне алғыс хат табысталып, «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауының жеңімпаздары анықталды.