Ақтөбеде астан уланғандар саны 113 адамға жетті
Ақтөбе облысында мейрамханада астан уланғандардың саны артып жатыр.
Кеше Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына 102 адам жеткізілген болса, бүгін олардың саны 113-ке жеткен. Қазіргі таңда науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Оқиға-ға байланысты полиция қызметкерлері «Санитарлық нормалар мен гигиеналық талаптарды бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Құқық қорғау органдары жаппай уланудың себептерін анықтап жатыр. Ал санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, тұрғындар арасында тіркелген ішек инфекциясына байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізуді жалғастыруда. Оқиғаның нақты себептері мен кінәлі тұлғалар тергеу нәтижесінде белгілі болады.
Айгүл Аманжолова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы жағдайлар бойынша шұғыл хабарлама облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Қажетті бактериологиялық анализдер алынды. Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Сонымен қатар кейбір науқастардың жағдайларының жақсаруы байқалады. Қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.