Ұлтаралық келісім – ортақ жауапкершілік
Ақтөбеде ұлтаралық келісімді нығайту және қоғамдағы өзара түсіністікті арттыру мәселелеріне арналған ғылыми семинар өтті, деп хабарлайды 24KZ.
«Шығыс-Батыс: өзара құрмет аумағы» деп аталған іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Жиынға саясаттанушылар, қоғамтанушылар және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты. Сарапшылар қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, этносаралық татулықты нығайту және әлеуметтік желілерде өшпенділік тіліне жол бермеу мәселелерін талқылады.
Ғаламтор кеңістігінде жиі орын алып, қоғамды дүр сілкіндіретін өзекті мәселенің бірі – ұлтаралық араздық. Бүгінде бұл әлемнің түкпір-түкпірінде жаһандық дертке айналып барады. Сондықтан бүгінгі ғылыми жиын тілі мен діліне, ұлты мен нәсіліне, діни сеніміне қарай кемсітуге жол бермей, ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейді.
Қазбек Майгелдинов, «Актуалды саясат» институты директорының орынбасары:
– Қандай да бір екі адам арасындағы түрлі қақтығыстар кейіннен тұтас ұлтқа байланысты араздыққа кетіп қалып жатыр. Соған байланысты бүгінгі мына семинардың басты мақсаты – осы өшпенділік тілдің алдын алу, қалайда оны болдырмау және де осы еліміздегі ұлтаралық келісімді одан әрі нығайтуға байланысты.
Сарапшылардың айтуынша, елімізде жыл басынан алауыздыққа шақырған азаматтарға қатысты 86 қылмыстық іс қозғалған. Олардың көбі – біртұтас ұлттың бірлігіне нұқсан келтіріп, өзгелердің діні мен мәдениетін кемсіткендер. Сондықтан ғылыми семинар барысында өзара құрмет мәдениетін қалыптастырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі мен қоғамдық келісімнің өзекті мәселелері сөз болды.
Ғалым Байтук, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты директорлар кеңесінің төрағасы:
– Бүгінгі тақырыпқа қатысты сұрақтар жастардың тәрбиесімен тығыз астарласып жатыр. Көптеген балалар ата-аналарының ас үйде айтқанын қайталайды. Бұл бұрыннан бар нәрсе және оны тек тәрбие сағаттарымен ғана емес, заңнамалық тұрғыдағы профилактикалық жұмыстармен де жою қажет.
Ұлтаралық тұрақтылықты сақтауға бағытталған жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қоғам өкілдері және жастар қатысты. Бұған дейін еліміздің шығыс өңірлерінде өткен ғылыми семинар Орал мен Ақтөбеден кейін Ақтау мен Атырау қалаларында жалғаспақ.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев