Қызылорда облысында жазғы демалыс басталғалы балалар жарақаты көбейді

Облыстық Көпбейінді балалар ауруханасына күн сайын жүзден астам бүлдіршін жеткізіледі. Осыған байланысты ауруханада төсек-орын тапшылығы сезіле бастаған. Дәрігерлер көмегіне жүгінетіндердің басым бөлігі - биіктен құлап, отқа күйгендер.  

Алты жасар Райымбектің ауруханада жатқанына бір ай болған. Ол үй іргесінде ойнап жүріп, абайсызда тұтанған қураған шөптің үстіне түскен. Салдарынан аяғын ауыр күйік шалып, терісі зақымдалған. Дәрігерлер кішкентай науқасқа күрделі операция жасаған. Енді оны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. 

Динаш Әкімова, әжесі:

- Санынан терісін алып, сол күйген жеріне жабыстырды. Содан жақсы, шүкір, енді екіншісі бар.

 Жаз келгелі облыстық балалар көпбейінді ауруханасында жұмыс қауырт. Күн сайын мұнда 100-ден аса бала түрлі жарақатпен жеткізіледі.

 Ернұр Аймахан, облыстық Көпбейінді балалар ауруханасының кезекші травматологы:

- Жарақаттардың көбі – жоғарыдан құлау. Қазір мопед, велосипед көп, осылардан құлау және де ойын-сауық орталықтарында биіктіктен құлау, ойын алаңдарында құлаған балалар көбіне қаралып жатыр. 

Дәуіржан Ыдырыс, облыстық Көпбейінді балалар ауруханасының ортопед-травматологы: 

- Орташа есеппен күніне 7-10 балаға дейін госпитализация жасап, шұғыл түрде ота жасалып жатыр. Оның ішінде ауыр жабық бас-ми жарақаты, жол-көлік оқиғаларымен келіп жатқан науқастар, күйік жарақаттары және де сынықтар.

Дәрігерлер ата-аналардың бір сәттік бейқамдығы үлкен қасіретке әкеп соғатынын ескертеді. Жадыраған жаз айлары қайғылы жағдаймен аяқталмауы үшін әуелі ересектер бала қауіпсіздігіне баса назар аударуы тиіс. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев