Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы
Сөздік қордың жұтаңдығы сананың тарлығына байланысты.
Бұл әдемі тіркес емес, әбден дәлелденген дерек. Көп оқымай көкіректегі көз де ашылмайды. Бірақ кітапқа әуестік туабітті қасиет емес. Тіл маманы Арын Құнанбайұлының бұлай сенімді сөйлеуіне ғалымдардың еңбегі сеп. Өйткені көпшілік көзбен оқимыз, деп ойлайды екен. Нейроғылым керісінше адам мимен оқитынын айшықтаған. Ал ми оқуға емес, сөйлеуге, тыңдауға дайын боп туады. Сондықтан сәбидің сезімтал сәтін уыстан жіберіп алмау керек. Бұдан «кітап оқитын дегеннен гөрі кітап оқып беретін ұлтқа айналу керек» тұжырымы шығады.
Арын Құнанбайұлы, филолог-зерттеуші:
- Кітап оқып беретін ұлт деп отырғаным сол, кітапты бала неше жастан оқиды дегенге Америка профессоры 8 айлық балаға толғамы терең Достоевскийді оқып берсеңізде болады дейді. Себебі ол балада да миы тырнақша ішінде кітап оқиды. Мұны Сен Босс деген ғалым дәлелдейді. Кітап оқып тұрған кезде ана мен баланың миы синхрон, бірге қозғалады. Демек, баланың миы да кішкентайынан тыңдау арқылы кітапқа келеді.
Барлық дерлік ата-ана балаларына күніне кемі 100 грамм есірткі береді. Шалыс естімедіңіз. Смартфонның содан айырмасы жоқ. Тәуелді етеді, ми құрылысын бұзады. Бұл қазір жылағанды жұбату жолы деп қарасаңыз, ертең ойы жұтаң ұрпақты қарсы аласыз. Рас, жасы да, жасамысы да әлеуметтік желі мен жасанды интеллектке жұтылды. Сол арқылы адам миына күніне 34 гигабайт ақпарат құйылады екен. Бірақ ақылмен пайдаланса айыбы жоқ.
Тимур Бектұр, ІТ саласының сарапшысы:
- ЖИ - бұл кітапқа қосымша күш берудің тамаша құралы. Мәселен, сіз одан анимациялық видео жасай аласыз, инфографикалық фото жасай аласыз. Және қазір керемет мүмкіндік шықты ЖИ арқылы кез келген кітапты қабілетке айналдыра аласыз. Бекен Қайратұлы деген ағамыз бар. Соның қазақтың атбегілік өнері деген кітабы бар. Соны ЖИ-ге салып, атбегілік қабілетке айналдырып бер десеңіз, skills деп айтады. Яғни сіз атбегі, ат сыншысы болып шыға аласыз.
Солай десе де, ІТ маман бір нәрсені қатаң ескертеді. Жасанды интеллект біз үшін ақылшы емес, тек көмекші болуы шарт. Өйткені ондағы мәлімет көбіне жалған. Сілтемелерге өтіп, сергелдеңге түспеу үшін сау ақыл керек. Ал сана сапалы кітаптан ғана қалыптасады.
Тимур Бектұр, ІТ саласының сарапшысы:
- Біз MIT зерттеуі бойынша миымыздың 55 пайызын ЖИ-ге жегіп қояды екенбіз. Яғни біздің логикалық және аналитикалық ойлау қасиетіміздің 55 пайызы ЖИ-ді қолданған кезде өшіп қалады екен. Өйткені біз өте ауыр ми жұмысын ЖИ-ге тапсырып қойған кезде ойлау қабілетінен айырылып қалады екенбіз. Осы жағын абайлау керек.
Aqsham Talks зияткерлік алаңындағы спикерлер сегіз қырлы. Тақырып әр алуан.
Олжас Сыдықбек, Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры:
- Арнайы 5 спикер шақырдық. Осы кітап оқу мәселесінде 5 жағынан келеді. Оның ішінде аса өзекті боп тұрған ата-ана мен бала арасындағы, ұстаз бен шәкірт арасындағы балаларымызға кітап оқудың құндылығын арттыру, қалай кітаппен достастыру және бүгінгі қоғамда қандай кітаптар оқылып жатыр? Шетелдік қандай құндылық бар өзімізге игілікке асыруға. Сондай талқылаулар өтеді.
Кітап оқу ескіліктің сүрлеуі емес. Әсіресе әлеуметтік желі қаптаған заманда кітапқа әуестік аса қажет. Өйткені толассыз ақпаратты талғамсыз жұту тоқырауға соқтырады. Келте видео – келте ойлауға кепіл. Кемеңгер Әбіш Кекілбайұлының «адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» деуі бекер емес.
Нысаналы Ығыл, Санжар Біргебаев