ШҚО: өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды

Шығыс Қазақстан облысында аптап ыстыққа байланысты өрт қаупінің ең жоғары – бесінші класы жарияланды.

Соңғы күндері ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілді. Синоптиктер алдағы күндері 40-45 градусқа дейін жетуі мүмкін деп болжайды. Сәуір айынан бері өңірде өрт жиілеп кетті. 38 дала, 15 орман өрті болды. Тек соңғы аптада 4 рет орманды алқап өртенген. Қазір орманға баруға уақытша тыйым салынды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күн сайын рейдке шығады. Құтқарушылар күн жылынғалы демалыс орындарын, саяжайларды және елді мекендерді 513 рет аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережесін түсіндірді.  Ереже бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Фархат Амре, облыстық ТЖД бастығының орынбасары: 

- Қазіргі уақытта өрт қауіпті кезеңге байланысты 48 мобильді топ құрылды. Олар профилактикалық рейдтер жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін 500-ден астам рейд өткізіліп, 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Негізгі құқық бұзушылықтар – өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, тыйым салынған жерлерде от жағу және сөндірілмеген темекіні тастау фактілері.