Алматыда ірі көшелердегі инфрақұрылымды жөндеу 1 қыркүйекке дейін аяқталады
Алматыда ірі көшелердегі инженерлік инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады.
Бұл туралы жауапты басқарма басшысы хабарлады. Биыл шаһарда 20 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Бұдан өзге су құбырлары жаңартылып, кәріз жүйесі де жөнге келтіріліп жатыр.
Биыл Алматыда 60 шақырымнан аса су құбыры және кәріз желілері тартылады. Қаладағы ең ауқымды жоба Жетісу ауданында жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары бұрынғы саяжай, қосылған аумақтардағы инженерлік коммуникациялар аудан балансына берілді. Нәтижесінде су құбырын жаңартып, кәріз желісін салуға мүмкіндік туды. Көшелерге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы да жөнге келтіріліп жатыр.
Ернат Әбдірахманов, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:
- Биылдыққа жоспарланған Алматы судың жаңғырту жұмыстары бар, ол алты жобаны құрайды жеті километрден астам. Қазіргі таңда бір жұмыс толығымен аяқталды. Екінші жұмысы басталып жатыр, қалғандары мердігердің договорға отыруын күтіп отырмыз. Жұмыс басталып, отопительный зимний периодқа дейін жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.
Серік Шәгіров, сумен қамтамасыз етуші кәсіпорынның ресми өкілі:
- Алматы қаласында 49% су құбырлар кезең-кезеңімен ауыстыру керек. Яғни оның тозығы жетті, өзінің бекітілген мерзімінен көп жұмыс істеп жатыр. Темір құбырлар елу жылдан асып кетті. Сондықтан жыл сайын 70-80 шақырым су және кәріз құбырларын ауыстырамыз.
Қыстың қамын жаз ойла. Биыл Алматыда 20 шақырым жылу желісі жаңартылады. Әкімдіктің есебінше, тұрғындарға ыстық су және жылу жеткізіп отырған құбырлардың 53,9 проценті ескірген. Сондықтан бұл қарқынды бәсеңсітуге болмайды, дейді жауаптылар.
Нұрлан Ағзам, Алматы жылу жүйелері, күрделі құрылыс және жөндеу басқармасының басшысы:
- Биылғы жылы жоспар бойынша былтырғы нысандардың ішінен 8 нысан екі жылдық проект болғандықтан осы екінші жылы толыққанды аяқтаймыз. Сонымен қатар он үш жаңа нысан, жалпы саны 23 нысан бойынша күрделі жұмыстар толыққанды басталып кетті.
Қалада 10 мыңға жуық көп пәтерлі үй бар. Оның басым бөлігі орталықтандырылған жылуға қосылған. Қазіргі таңда үй ішіндегі желілер де жуылып шайылып, қысыммен тексерілуде. Көлік қозғалысы үлкен көшелерде жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін толық аяқталады. Ал өзге нысандардағы жұмыстарды қазан айының соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.
Бекзат Үшкемпір, Эдуард Кон