Павлодар облысында ұлттық жоба аясында коммуналдық инфрақұрылым жаңарады
Павлодар жылу инфрақұрылымын жаңарту бойынша елде көшбасшы өңірлер қатарында.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» аясында облыста 16 жоба қолға алынды. Олардың қатарында Екібастұз, Павлодар және Ақсудағы жылу магистральдарын жаңарту жұмыстары бар. Жобалардың жүзеге асу барысымен Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев танысты.
Екібастұздағы ТМ-16 жылу магистралі 1972 жылы пайдалануға берілген. Қазір тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Енді биыл қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін 300-ден астам үйді жылумен қамту сапасы жақсарады.
Ержан Иманзайыпов, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Бұдан әрі қарай бізде 2025-2027 жылға арналған ары қарай үш жылдың ішінде бізде 55 жоба жоспарланған. Оның сомасы 131 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда Екібастұз қаласында төрт жылу желілерін біз жаңартамыз. Осы жылу желілері, оның тозуы 90 процент болған. Оны жаңартқаннан кейін тозуы ноль процент болады.
Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында биыл республика бойынша 1 триллионнан астам теңге игеру жоспарланған. Пилоттық жобаға қатысқа Павлодар облысында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір Екібастұзда 4 шақырымнан асатын жылу желісі жаңғыртылуда. Ал Павлодардың оңтүстік бөлігіндегі 600 үйді жылумен қамтамасыз ететін жылу магистралінің құрылысы толық аяқталды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Павлодар облысына келген себебі өйткені Павлодар облысы өткен жылы бірінші пилоттық жобаларға ие болды. Бұл бастама әсіресе облыс әкімінің бастамасы болған. Өйткені Павлодар облысында, Павлодарда, Екібастұзда ана Ақсуды айтпай-ақ қояйын жылу мәселелері енді қиындау болған. Магистральды желілер жалпы Екібастұзбен, Ақсу мен Павлодарда биыл бітетін сияқты әбден тозған желілері. Енді жергілікті атқарушы органдар, компаниялар олар ішкі кварталдық желілерде ауыстырамыз деп екі-үш жылда тиісті жобаларды әзірлеп жатыр.
Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Жобалық кеңсенің көшпелі отырысы да өтті. Жиында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды. Биыл жоба аясында республика бойынша 1,3 триллион теңге инвестиция бағытталған. Негізгі мақсат – инженерлік желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету. Дегенмен, кейбір өңірлер жұмысты әлі бастамаған.
Тимур Қосымбаев, табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы:
- Маусым айы келді, жұмыс жасайтын уақыт өте қысқа. Сол үшін оларға тез арада конкурстық процедураларды өткізіп, келісім-шартқа отыруы керек, осы региондар арасында бірінші Шымкент, Алматы, Ұлытау облысы және Түркістан облысы.
Кейбір өңірлерде келісімшарттарды тіркеу мен конкурс өткізу жұмыстарының баяу жүріп жатқаны айтылды. Қанат Бозымбаев артта қалған аймақтарға келесі отырысқа дейін барлық мәселелерді реттеп, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков