Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Ашық дереккөз/Ербаян Мұқтар

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты марқұмның ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтып,  Ербаянның өлімінен кейін кім жауапкершілікке тартылатыны туралы айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Министр орынбасарының айтуынша, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.Кінәлілер тергеу нәтижесіне сәйкес жауапқа тартылады. 

«Кім жазаланады, дегенге келсек, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Соның шешімі бойынша жазаланады және тәртіптік жазаларды Ұлттық ұланның басшылығы қолданады».

Министрлік өкілі қазіргі уақытта оқиғаны тергеу жұмыстарын Ішкі істер министрлігі, әскери прокуратура және басқа да құзырлы органдар жүргізіп жатқанын атап өтті. 

Ал Қорғаныс министрлігі бұл іс бойынша жеке тексеру жүргізбейді.

Шайх-Хасан Жазықбаев Ербаян Мұхтар емделген кезеңде Қорғаныс министрлігі тарапынан қажетті көмек көрсетілгенін және ведомствоның оның отбасымен тұрақты байланыста болғанын айтты.

Сондай-ақ ол Ұлттық ұлан басшылығы марқұмды жерлеу рәсіміне қатысуы мүмкін екенін жеткізді.