Президент БАҚ өкілдерін құттықтады
Қалам - қоғамның айнасы ғана емес, елдің ертеңін қалыптастыратын қуатты күш. Ақпарат тасқыны күшейген бүгінгі дәуірде журналистің жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті.
Бүгін БАҚ қызметкерлері қарсаңында журналистер қауымын құттықтаған Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс, ал сапалы журналистиканың басты миссиясы - қоғамға шынайы әрі тексерілген ақпарат ұсыну. Еңбегі еленген осы сала майталмандарды бүгін Мемлекет басшысы орден, медальдармен марапаттап, ақпарат саласы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа бастамаларды жариялады.
Қалың бұқара мен халық арасындағы көпір – журналистер қауымы. Бүгін бұл жандар Ақордаға ақпарат жинау үшін емес, қошеметке бөленіп, Президент марапатын алуға келді. БАҚ қызметкерлері мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы еңбегі еленген қаламы мұқалмаған жандарды бас резиденция төріне арнайы шақырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бұқаралық ақпарат құралдары - ұлттың үні, қоғамның айнасы. Ел арасындағы өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп жүрген тілшілер қауымы жасалып жатқан ауқымды оң өзгерістерге де өз үлесін қосып келеді. Әсіресе жаңа Ата-заңды қабылдау ісінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз.
Заман бір орында тұрмайды. Алға жылжиды. Медиаиндустрия да өзгеріске ұшырап жатыр. Нақтырақ айтқанда, цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен бетпе-бет келді. Жасыратыны жоқ, қазір мерзімді баспасөз бен дәстүрлі телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Алдыңғы қатарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер шықты. Бұл да бір жаһандық өзгерістің заңдылығы. Дәстүрлі медианың дәурені өтті деген пікірлер де кең тараған. Бірақ, Президент бұнымен келіспейтіндігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады.
Шынымен де, дәстүрлі медианың күші хайпта емес, аудитория сенімінде. Ал сенім тек дәлдік пен жауапкершілік арқылы қалыптасады. Яғни қоғамға шынайы әрі тексерілген ақпарат ұсыну үшін жұмыс істеуі керек. Объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызатын жағдайлар да аз емес. Осы ретте Президент жасанды интеллектіні ел іргесін сөгу мақсатында пайдаланып жүргендермен күресуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда, сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, Өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес.
Қалам - қоғамды тәрбиелейтін қуатты құрал. Сондықтан Президент журналистердің қоғам алдындағы миссиясы бұрынғыдан да маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, бүгінгі ақпарат дәуірінде журналистер ұлтты білім мен парасатқа бастайтын ағартушы күшке айналуы қажет. Әсіресе, жастар медиадан даңғаза мен дақпыртқа толы жасанды өмір салтын емес, адал еңбек пен табанды ізденістің нәтижесінде жеткен табыстың шынайы үлгісін көруі маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы тұста ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым. Сондай-ақ қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді.
Ресми рәсімнен соң Қасым-Жомарт Тоқаев сала майталмандарын марапаттады. Қошеметке бөленгендердің қатарында Солтүстік Қазақстан газеті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Өмір Есқали да бар. Қаламы қарымды журналист өзінің алғашқы мақаласын 6 сынып оқып жүргенде жазған екен. Ауылындағы сақалды құрылысты сынап, әлеуметтік нысанның жылдам іске қосылуына үлесін қосқан. Содан бері ел аузында «тілші бала» атанып, осы салада 57 жыл бойы тыным таппай еңбектеніп келеді. 70 жасқа жеткен ардагер журналистің кеудесіне бүгін Президент «Құрмет» орденін тақты.
Өмір Есқали, Soltustik Qazaqstan газеті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі:
- Көп жылғы еңбегімді бағалап «Құрмет» орденімен марапаттап отыр. Президентке, мені бағалаған ұжымға, облыстық әкімдікке үлкен алғыс айтамын. Солтүстік Қазақстан газеті қазір шүкір, 9 мың данамен тарап жатыр. Ақмола, Қостанай, Қарағанды 3 облысты қосқанда біздің жазылым артық болып отыр.
Ақорда төрінде Хабар агенттігінің мамандары да құрметке бөленді. Атап айтқанда, жаңалықтар жүргізушісі Сағыныш Әбікей «Шапағат» медалін иеленді. Эфирдің көркі болған Сағыныш бұл салада 16 жыл бойы еңбек етіп келеді. Осы күнге дейін Хабар арнасында жаңалық жаршысы болып, миллиондаған қазақстандықты ақпаратпен сусындатып отыр.
Сағыныш Әбікей, «Хабар» агенттігі Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің редактор-жүргізушісі:
- Ерекше сәт мен үшін. Өйткені бұл менің алғашқы мемлекеттік наградам. Бұл журналистер үшін тек қана шабыт сыйлап қоймайды. Бұл жауапкершіліктің де еселенетінін білдіреді. Ақиқаттың айнасы бола берейік. Шынайы болайық барынша. Ақпаратты сүзгіден өткізіп, хабар таратқанда да барынша сол жауапкершілікті сақтауға өзімізге міндеттейміз. Қуаныштымын! Өте керемет әсердемін!
Салтанатты жиын соңында Президент журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұған дейін тек Астанада жүзеге асырылып келген баспанамен қамту бастамасы биыл алғаш рет өңірлік БАҚ өкілдерін де қамтиды. Нәтижесінде еліміз бойынша 66 журналистке пәтер кілті табысталмақ. Мемлекет басшысы бұл шешім аймақтарда сапалы ақпарат таратып жүрген тілшілердің еңбегін қолдау мақсатында қабылданғанын жеткізді.
Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы