Алтынбек Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды «24KZ».
Марапатталғандардың қатарында көрнекті композитор, мәдениет және өнер қайраткері Алтынбек Қоразбаев бар. Ол елдің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Отан» орденімен марапатталды.
Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылығы қазақ музыка өнерінің дамуына зор үлес қосты. Сондай-ақ ол «МузАРТ» тобының Қазақстанда және шетелде танылуына ықпал еткен тұлғалардың бірі.
Мемлекеттік наградалар елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызметімен ерекшеленген азаматтарға берілді.
Марапат иелерінің қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшы мамандықтардың өкілдері, өндіріс және бизнес саласының мамандары, білім, ғылым, денсаулық сақтау қызметкерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, спортшылар мен өнер қайраткерлері бар.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз