Ақмола облысында археологтар құнды жәдігерлер тапты

Ақмола облысында қола дәуіріне тиесілі қыш ыдыстар мен қола әшекейлер табылды. Археологтар құнды жәдігерлерді ежелгі Сандықтау қорымын қазу кезінде анықтаған.

Мамандардың сөзінше, мұның бәрі біздің заманымызға дейінгі 15-17-ші ғасыр адамдарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.

Сандықтау - қойнауына сан ғасырдың сырын бүккен қасиетті мекен. Жыл сайын мұнда қазба жұмыстарын жүргізген археологтар мол олжаға кенеледі. Биылғы зерттеу жұмыстары мамыр айының басында басталған. Осы уақыт аралығында археологтар екі бірдей қыш ыдысы мен қол бұйымдар тапқан.

Сергей Ярыгин, Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері:

- Қазба жұмыстары барысында осы алқаптың этнографиялық кезеңде пайдаланғанын анықтадық. Мұнда бірнеше қоймасы бар диірмен болған. Біз келгенде мына ақ тастардың тек басы көрініп тұрған. Осы арқылы біз бағыт алып, бәрін қазып, тереңірек түсінуге тырысып жатырмыз. Әр табылған жәдігерге сараптама жасап, оның нақты қай уақытта пайдаланғанын анықтаймыз.

Жалпы соңғы екі жылда Сандықтау қорымынан мамандар 20-ға жуық жәдігер тапқан. Оның ішіндегі ең ірісі - тасқа қашалған артефакт. Археологтар анықтаған әр жәдігер әуелі сараптамадан өтіп, кейін жергілікті музей қорына табысталады.

Меңдібай Қопабаев, Сандықтау аудандық Тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі:

- Біз жыл сайын археологтарды өзіміз асыға күтеміз. Неге десеңіз, өйкені ол біздің болашаққа жеткізетін, рухани байлығымыз, рухани тарихымыз. Сондықтан осы жұмыстарды жалғастырып, тағы да зерттейтін заттар бар. Осы біздің Сандықтау ауданынан табылады деп ойлаймыз.

Қазір өңірде зерттеуді қажет ететін тарихи орындар көп. Соның бірі - өндірістік өлке Степногорск қаласы, - дейді мамандар. Соңғы жылдары жүргізілген барлау нәтижесінде шағын шаһардан қола, түркі, сақ замандарына тиесілі ескерткіштер табылған.

Жасұлан Үкеев, облыстық Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

- Болашақта жоспарымыз осы түркі дәуірінің ескерткіштерін зерттеп, қалпына келтіріп, балбал тастарын орнына қою. Яғни ол да бір болашақта туристердің көптеп келуіне, туристтердің зерттеуіне, осы жерде тек қола заманы емес, сақ заманы емес, ұрпақ сабақтастығы жалғасқан түркі заманындағы, орта ғасыр ескерткіштерінің болғандығы мынау Степногорск қаласы болсын, Көкшетау қаласы болсын жайдан жай қала болып қалыптасқан жоқ.

Жыл сайын өңірде археологиялық қазба жұмыстарына шамамен 3 миллионнан астам теңге бөлінеді. Бұл қаржыға мамандар аудан, ауылдарды аралап, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный