Елде ішкі туризм үлесі артты

Елде ішкі және сыртқы туристер ағыны артып келеді. Оған ірі мәдени шаралар мен өзге мемлекеттермен визасыз режим енгізілуі оң әсерін тигізген.

Еңбек демалысына шығып, туристік аумақта демаламын деушілердің қалтасына қарай қонақ үйлер мен кемпингтердің биылғы бағасы бекітілді. Сонымен курорттарда қазір демалыс бағасы қанша?

Биыл республикадағы демалыс базаларында бір апталық тынығу 2 адам үшін орта есеппен 140 мың теңгеге жуықтайды. «Рэнкинг.кз» ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі ашық деректерге сүйеніп, бағалар статистикасын жариялады. Нысандар арзан, қымбат әрі премиум болып бірнеше санатқа бөлінеді. Сәйкесінше кемпингтер мен қонақ үйлерде орналасу құны өңір ерекшелігіне және ондағы инфрақұрлымға сәйкес бекітілген. Негізі бағаны бақылайтын нақты орган жоқ. Себебі бұл бизнес және кәсіпкерлер оны өздері бекітеді, - дейді Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі.

ШҚО, Маңғыстау облысы ₸10  000 – ₸90 000

Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Қостанай, Қарағанды облыстары ₸40  000 – ₸50  000

Ақмола облысы – ₸100  000 – ₸700  000

Алматы, Ақтөбе облыстары – ₸90  000 дейін

Жайнагүл Қаппасова, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:

- Баға саясатына министрлік қатыса алмайды. Яғни кәсіпкерлердің баға қоюын біз қадағалай алмаймыз. Әрине, бұл бағаның барлығы бәсекелестік қазіргі нарыққа байланысты. Сонымен қатар Қазақстандағы климатқа байланысты. Елімізде жазғы маусым кей өңірлерде 2 айға ғана созылады, ал кейбірінде 3 айға созылады. Соған байланысты кәсіпкерлер өздерінің салған қаражатын ақтап шығу мақсатында, бизнесті ілгерлету мақсатында баға саясатын қояды.

Алайда барлық аймақ қымбат деуге келмейді. Қалтасына қарай демалыс орындарға таңдау бар, дейді Комитеттің ресми өкілі. Бүгінде ішкі туризмнен бөлек, сырттан келетін саяхатшылардың да саны артқан. Былтыр олардың шығындары 3 миллиард долларға жуықтаған. Ал жалпы туристік қызметтен түскен салық үлесі 2 процентке артып отыр.

Жайнагүл Қаппасова, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:

- Ең көп туристерді тағытатын ол әрине, бірінші орында - Алматы қаласы, Алматы тау кластері. Сонымен қатар Щучье Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау өңірі. Осы орайда Президентіміз 2024 жылы негізгі аймақ ретінде осы үш өңірді белгілеп берді. Соған байланысты әр өңірде кешенді туризмді дамыту жоспары енгізілді, 2025 жылы бекітілген болатын 2029 жылға дейін. Инфрақұрылымды дамыту, туристерге жағдай жасауға байланысты шараларды қамтыған кешенді жоспар.

Жыл басында Туризм министрлігі 55 шарадан тұратын арнайы жоспар бекітті. Ол қазір туристік тартымдылықты арттыру үшін елдің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатыр. Салада цифрландыру жұмыстары да қарқынды. Бүгінде туристік ағынды есепке алатын және мониторинг жүргізетін «еҚонақ» жүйесі іске қосылған. Онда 900 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Авторы: Альмира Оразбай