10 мың жылдық тас мұздықтар зерттелді

ЮНЕСКО жанындағы Орталық Азия гляциология орталығының мамандары Іле Алатауының шыңдарындағы тас мұздықтарды зерттеді.

Бұл - жылына бір рет ұйымдастырылатын ғылыми жоба. Мұз сілемдері тас пен құм астында жатыр. Оның өлшемдері туралы ақпарат көп жәйттен хабар береді. 

«Моренный» тас мұздығы теңіз деңгейінен 3000 метрден аса биіктікте жатыр. Бұл кәдімгі ашық мұздықтардан өзгеше орын. Олай дейтініміз, бетінде күн сәулесінен қорғайтын тас қабаты бар. Қабаттың қалыңдығы 5 метрден асады. Іле Алатауының солтүстік беткейінде осындай 200-ге жуық тас мұздығы кездеседі. Олардың көпшілігі 10 мың жыл бұрын, жаһандық салқындау кезінде пайда болған.

Бұл жерге зерттеу жұмыстарын жүргізу өте қолжетімді. Себебі Алматыдан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерге көлікпен де жетуге болады. Бір қарағанда қарапайым тасты тау болып көрінгенімен, бұл тастардың астында мұздықтар жатыр. Мамандардың айтуынша, дәл сол мұздықтардан ішуге жарамды тұщы суды алуға болады.

Тас мұздықтарын зерттеу үшін алдымен оның өлшемі алынады. Ол үшін дрондар мен GPS құрылғылары қолданылады. Көбінесе зерттеу заманауи әдістермен жасалады.

Николай Косаткин, Таулы Криосфера зертханасының ғылыми қызметкері:

- Алдымен мұздықтар орналасқан жерді анықтаймыз. Оның айналасына белгілер қалдыру қажет. Бұл жұмыстың ең қиын бөлігі. Себебі, тау-тасты аралап, бірнеше шақырымды артта қалдырамыз. Белгі қойылып болған соң, дрон аспанға ұшады. Ол биіктен мұздықтың суретін түсіреді.

Ғалымдар барлық мәліметті бір жүйеге біріктіреді. Әуеден түсірілген суреттерді жасанды интеллект көмегімен өңдейді. Өңделген суреттер арқылы тас мұздығының 3D моделі жасалады. Оның көмегімен мұздықтың дәл өлшемі мен қозғалу жылдамдығы анықталады.

Василий Капица, Геокриология зертханасының меңгерушісі:

- Біздің елде қарапайым мұздықтар жан-жақты зерттелген. Олар туралы мәлімет жеткілікті. Ал тас мұздықтар туралы көп ақпарат жоқ. Олардың құрылымы мен қозғалысы әлі толық зерттелмеген. Сондықтан бізге бұл табиғи түзілім туралы жаңа мағлұматтар керек. Сол арқылы мұздықтың ішінде қанша тұщы су көлемі барын анықтай аламыз.

Гляциология орталығы жиналған ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдайды. Онда ғалымдар әрі қарай зерттеу жасайды. Кейіннен барлық мәлімет елдің Су ресурстары және ирригация министрлігіне жіберіледі.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов