Мәжіліс қорытынды отырыс өткізді
Бүгін Парламент Мәжілісінің 8 сайланымдағы қорытынды пленарлық отырысы өтті.
Төртінші сессияда 40 жалпы талқылау жиыны өтіп, ел өміріне қатысты 334 мәселе таразыға салыныпты. Төменгі палата қабырғасында 190 заң жобасы қаралды. Соның әрбір үшінші заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Мемлекет басшысы 110 заңға қол қойды. Елде бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістер мен түбегейлі жаңғыру жолы қалыптасты. «Әсіресе заң шығару процесінде тың серпіліс көрініс тапты», - деді палата төрағасы. Ерлан Қошановтың ақпарынша, бұл сессия Қазақстан парламентаризмінің жаңа тарихындағы ең маңызды кезеңнің біріне айнала алды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қабылданбаған да заңдар бар. Заң жобалары әлі де қалды. Оны үкіметтің қорытындысына жібердік. Үкімет қолдамаған нормалар да бар. Оны айтпауға болмайды. Саяжай бойынша заң дайындағанбыз. Бұл заң әлі де аяқталмады. Алайда бұл деген бірең-сараң жағдай. Алдағы уақытта шешуге болады деп ойлаймын.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халық үшін маңызды заң жобалары қабылданды. Заңсыз кеткен активтерді қайтару, бірнеше кодекс қарадық, құрылыс туралы, салық туралы кодексті қарадық. Біз енді талай мәселеге көңіл бөлдік.