Ақмола облысында жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр
Өңірде 32 жылу қазандығы толығымен жаңартылмақ. 36 шақырымнан астам жылу желісі жөнделеді.
Бұл жұмыстарға ел қазынасынан 44 млрд теңге бөлініп отыр. Көкшетаулық тұрғындарды жылумен екі бірдей жылыту мекемесі қамтамасыз етеді. Қос нысанда алты жылу қазандығы бар. Биыл соның төртеу жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстарға мемлекет тарапынан 1 млрд 200 млн теңге бөлінген.
Руслан Мәкішев, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас директоры:
- Мемлекеттен бөлінген қаражатқа №1 аудандық су қазандығындағы төртінші қазандыққа толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта №2 аудандық су жылытқыш қазандығында тұрмыз. Мұнда қазандықтың демонтаж жұмыстары толық аяқталды. Барлық жұмыстарды белгіленген мерзім – 1 қыркүйекке дейін аяқтап, нысанды толық дайындауымыз қажет. Ал 25 қыркүйекте жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары шаһардағы халық саны өсіп, 200 мыңға жуықтаған. Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер саны да артты. «Сондықтан жарты ғасыр бұрын салынған жылу қазандығын жаңартып отыру маңызды», - дейді жауаптылар. Дәл осындай жұмыстар тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудандар да жүргізіліп жатыр. Әсіресе аудандардағы ескі қазандықтар толығымен ауыстырылмақ.
Темірлан Тілеужанов, Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Облыс бойынша 32 жылу қазандығын ауыстыруды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, Біржан сал мен Зеренді аудандарына 5 дизель-генераторларын сатып аламыз. Осылайша, біз аймақтағы жылу желілерінің тозу деңгейін 37 пайыздан 35 пайызға дейін азайтуды жоспарлап отырмыз.
Облыс тұрғындары қыстан қысылмай шығуы үшін 860 мың тонна көмір қажет. Қара отынның алғашқы легі тамыз айында жеткізіледі. Ал жылыту маусымы облыс бойынша 25 қыркүйекте басталады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный