Президент атынан мемлекеттік наградалар тапсырылды
Алматыда Бұқаралық ақпарат құралдары қызмкеткерлері күні қарсаңында журналистерге Президент атынан мемлекеттік наградалар тапсырылды.
Марапатты Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Бұқаралық ақпарат құралдары – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір. Журналистер қауымы елдегі өзекті мәселелерді қаламына арқау етіп келеді. «Мемлекет ақпарат саласын стратегиялық маңызы бар бағыт ретінде қарастырады. Сондықтан журналистерді қолдауға арналған мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», - деді Аида Балаева. Бүгінде Қазақстанда бес мыңнан аса бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді.
Бағдат Мүптекеқызы, журналист, «Құрмет» орденінің иегері:
- Осы әділетті Қазақстанды құрып жатқан, елімізде үлкен саяси өзгерістер жасап жатқан Президентімізге – Қасым-Жомарт Кемелұлына көп-көп рақмет! Алғысымыз шексіз. Әлі де Қазақстанның болашағы үшін Президентпен бірге Әділетті Қазақстан үшін еңбек ете береміз деп ойлаймын.
Кәсіби мереке қарсаңында Алматыда еңбек етіп жүрген ақпарат саласының 14 маманы мемлекеттік наградаға ие болды. Атап айтқанда, белгілі журналист Иманбай Жұбаев «Парасат» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Зұлхаят Маханова, Феруза Перзадаева сияқты ардагер журналистерге «Құрмет» ордені табысталды. «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары да өз иесін тапты. «Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, кәсіби шеберлікті шыңдап, жауапкершілікті арттырады», - дейді сала мамандары.
Алтын Иманбаева, журналист, «Құрмет» орденінің иегері:
- Жалпы қазір Үкімет тарапынан қазақ журналистикасына керемет қамқорлық болып жатыр. Көп жылдан бері жастарымыз үйсіз-күйсіз жүрсе, қазір міне, баспаналы болып жатыр. Сондай-ақ әр жылы өздерінің еңбегіне сай жақсы марапаттарға ие болып жатыр. Бұл марапат журналист қауымын қанаттандырады деп ойлаймын.
Мемлекет тарапынан ақпарат саласын қолдау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен кейінгі үш жылда Астана қаласында 200 журналист баспаналы болды. Ал биыл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкері қоныс тойын тойлайды. Бір айта кетерлігі игі бастама биыл аймақтағы журналистерді де қамтыды. Бұл – үлкен қуаныш, әрі мемлекет тарапынан ақпарат саласы мамандарына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың көрінісі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Валентин Лобанов