Алматыда III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтіп жатыр
Ғылымның болашағы бүгінгі жас зерттеушілердің қолында тұр. Алматыда ашылған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі биыл жастардың әлеуетін арттыруға басымдық берді. Екі күнге жоспарланған халықаралық басқосуда отандық және шетелдік ғалымдар саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасады, деп хабарлайды 24KZ.
Ғылым тек жаңа жаңалық ашумен шектелмеуі тиіс. Ғылыми зерттеулер нақты мәселелерді шешуге, адамның өмір сапасын жақсартуға, экономиканың дамуына ықпал етуі керек. Сондықтан жас ғалымдардың ізденісін қолдау, олардың ғылыми ортаға еркін араласуына мүмкіндік жасау маңызды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі осы мақсатты көздейді. Екі күндік жиынға отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері қатысып, ғылымның бүгінгі жетістіктері мен алдағы міндеттерін талқылауда.
Қуантар Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА басқарушы директоры:
– Елімізде 28 мыңнан аса зерттеушілер болса, ғылыми қызметкерлер, соның 50%-ға жуығы жартысына жуығы 48%-ы 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар, жас зерттеушілер құрап отыр. Осы жиында айтылған жас ғалымдардың ұсыныстары ғылыми зерттеу жұмыстарының беретін нәтижесі отандық ғылымның дамуына бұл резолюция ретінде жасалып, қарар қабылданып, құзыретті органдарға жіберілетін болады.
Конгрестегі негізгі тақырыптардың бірі – ғылымдағы жасанды интеллект мүмкіндіктері. Атап айтқанда, үлкен деректерді талдау, медициналық диагностика, цифрлық коммуникация, ғарыш және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңа технологиялардың мүмкіндіктері сөз болды.
Қуаныш Тастанбек, ҚР ҰҒА жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:
– Жас ғалымдар IT саласында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Sai Office деген бар. Одан бөлек, Су министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан I-Su платформасы бар. Біздің министрліктер IT, цифрландыру, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу саласындағы жұмыстардың барлығына өздері қызығушылық танытып отыр. Қалдықсыз технология, жемдік препараттар алу, микробиология, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау салаларында көптеген арнайы препараттар бар. Солардың барлығы өндіріске енгізіліп, сертификаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Конгреске қатысушылардың ғылыми ізденістері сан алуан. Мәселен, Назарбаев университеті жанындағы Астана ұлттық зертханасының ғылыми қызметкері Айым Қайырлықызы ғылыми тобымен бірге Альцгеймер ауруы мен деменцияның даму себептерін зерттеп жүр. Оның зерттеу нәтижелері әлемнің оннан аса ғылыми басылымында жарық көрген. Іргелі зерттеу жұмысы бүгін «Қазақ ғылымының үміті» сыйлығымен марапатталды.
Айым Қайырлықызы, Назарбаев университеті жанындағы Астана ұлттық зертханасының ғылыми қызметкері:
– Ең алдымен, Қазақстан халқы арасында Альцгеймер ауруының қандай қауіп факторлары бар екенін, оның қалай дамитынын және алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау керектігін зерттеу қажет. Отыз-қырық жас шамасындағы адамдарды іріктеп алып, 10–15 жыл бойы зерттеу жүргізу көзделіп отыр. Олардың денсаулығындағы қандай механизмдер әсер ететінін, алдын алу шараларының қайсысы тиімді, қайсысы тиімсіз екенін анықтау – менің ендігі мақсатым.
Конгрестің екінші күні Алматыдағы алты жоғары оқу орнында жалғасады. Қатысушылар жаратылыстану ғылымдары, ғарыш пен коммуникациялар, экология, медицина және білім беру бағыттары бойынша тәжірибе алмасады. Бұдан бөлек, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, стартаптарды қолдау және ғылым мен бизнес арасындағы байланысты дамыту мәселелері талқыланады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев