Президент атынан жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды

1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. 

Осы тарихи дата қарсаңында Алматыда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне Мемлекет басшысы жолдаған жаңа Конституцияның арнайы басылымдарын табыстады. Іс-шараға қатысушылардың әрқайсысына Президенттің хаты мен Конституцияның бір данасы ұсынылды. Өз хатында Мемлекет басшысы жемісті еңбегі және Әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесі үшін шынайы ризашылығын білдірген. 

«Конституцияда бекітілген мызғымас құндылықтар ел игілігін арттырып, қоғамның тұрақты дамуына жол ашады деп сенемін. Мемлекетіміз нығайып, қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!» – делінген Президент хатында. Жиында Үкімет басшысының орынбасары Ата Заңда Қазақстан қоғамының іргелі құндылықтары көрініс тапқанын атап өтті. «Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, ел бірлігі мен қоғамдық ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім бар. Бұл құндылықтар бейбітшілік, сыйластық пен қоғамдық сенім орнықты дамудың берік негізіне айналған еліміз үшін ерекше маңызды», - деді Аида Балаева.

Ислам Байрамуков, Сидней Олимпиадасының жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері:

- Жаңа Конституция халыққа қызмет ететініне ешқандай күмәніміз жоқ. Сондықтан бәріміз қолымыздан келгенінше атсалысып, күш-жігерімізді көрсетіп, елімізге қызмет етуге әрдайым дайынбыз.