«Парасат» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Сенатта журналистер арасында өткен дәстүрлі «Парасат» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Бұл қатарда «Хабар» Агенттігінің» қызметкерлері де бар. Кәсіби мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтады. Палата спикері бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудағы және елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың мәні мен мазмұнын халыққа түсіндірудегі айрықша рөліне тоқталды. Сондай-ақ ол қазіргі геосаяси сын-қатерлер мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде журналистердің қызметі жай ғана ақпарат таратумен шектелмейтінін атап өтті. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Бұл ретте Палата бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі тығыз ықпалдастыққа басымдық беріп отырғаны да сөз болды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде аса маңызды тарихи сәтті бастан өткеріп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдумда жаңа Конституциямыз қабылданды. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдары айрықша рөл атқарғанын атап өткен жөн. Ашық пікірталастар, сараптамалар және теле-радио эфирлері арқылы заңнамадағы әрбір норма тыңғылықты талқыланып, азаматтардың қолдауына ие болды. Сондай-ақ Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеген БАҚ өкілдері де бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, олар Ата Заңның тең авторларының біріне айналды.