Журналистика қоғаммен бірге тыныстайды

30 жылдан бері ел өмірін таспалаған «Хабар» Агенттігінің өңірдегі тілшілері ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін түгел біледі. 

Өңірлік тілшілер желісі департаментінде 100-ден астам адам қызмет етеді. Олар еліміздің әр түкпірінен сағат сайын ақпарат таратып, халық пен жергілікті биліктің арасындағы «алтын көпірге» айналды. Биыл әр облыстағы тілшілер қосыны соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен қамтылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. 

«Хабар» Агенттігінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Мағауия Қалиевтің құлаққа жағымды қоңыр дауысын танымайтын жан жоқ шығар. Ол еңбек жолын аудандық газеттен бастаған. Кейін радиода істеп, телевизия саласына ауысты. Соңғы 15 жыл арнамыздан Тобыл өңірінен ақпарат таратады.

Мағауия Қалиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Қостанай облысындағы меншікті тілшісі:

- Газетте әр тақырыпты талдап, сараптап жазуды үйретсе, радио дауыс ырғағын қалыптастырып, дикцияны жақсартуға септігін тигізеді. Ал телевидение – синтездік құрылым. Сондықтан оның бәрі телевидениеде көрініс табады.

Ал әріптесіміз Жандос Жұмабеков «Хабар» Түркістан облысындағы тұңғыш меншікті тілшісі ретінде тарихта қалады. Оған дейін арнамыздың Астанадағы бас кеңсесінде жұмыс істеген ол қазір киелі өңірдің тыныс-тіршілігін қалт жібермейді.

Жандос Жұмабеков, «Хабар» Агенттігі» АҚ Түркістан облысындағы меншікті тілшісі:

- «Хабар» Агенттігі біздің техникаларымыздың барлығын жаңартып берді. Мәселен, мына компьютердің келгеніне бір 2 ай ғана болды. Одан бөлек, мына қағаз шығаратын процессорлар, камераларымыз бар, одан кейін монтаж жасайтын ноутбуктарымыз бар. Бұның барлығы сапалы, соңғы үлгідегі заманауи техникалармен қамтылдық. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік.

Осындай тәжірбиесі толысқан тілшілердің ізін жастар басып келеді. Солардың бірі арнамыздың Түркістан облысындағы меншікті тілшісі – Айшабибі Көшемен. Үнемі ізденісте жүретін әріптесіміз қазір Мәскеуде оқуда жүр.

Айшабибі Көшеман, «Хабар» Агенттігі» АҚ Түркістан облысындағы меншікті тілшісі:

- Жақында ғана «Хабар» телеарнасына жұмысқа тұрдым. Осындағы жас журналистердің бірімін. Өз алғысымды «Хабар» телеарнасына, алдыңғы аға буынға айтқым келеді. Себебі әрдайым қолдайды. Білгенін үйретеді. Соның арқасында екі тілде де жаңалықтың жаршысы атандым. Жалпы мен үшін «Хабар» телеарнасында жұмыс жасау – үлкен мүмкіндік, кәсіби өсу.

«Хабар» Агенттігінің өңірлік тілшілер желісі департаментінде 100-ден аса адам жұмыс істейді. Олардың қатарында кадр сыртындағы телеоператор, монтаж инженері, жүргізушілер де бар. Мереке қарсаңында Түркістан облысындағы таспагер Ерболат Әбішев Президент атынан 2 бөлмелі пәтер алды. Бұл бес баланың әкесі үшін естен кетпейтін қуанышты сәт болды.

Ерболат Әбішев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Түркістан облысындағы телеоператоры:

- Төл мерекеміз қарсаңында мына 15 жылдық еңбегімізді бағалап, пәтер беріп жатқанына өте қуаныштымын. Ризашылығымда шек жоқ. Президентімізден бастап, Президент аппаратына, «Хабар» Агенттігінің басшылығына, Түркістан облысының әкіміне, қала әкіміне шексіз алғыс айтамын. Рақмет! Менен кейінгі әріптестірем де осындай үй жұғысты болсын деп тілеймін.

«Хабар»Агенттігі өңірлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көңіл бөледі. Биыл барлық аймақтағы тілшілер қосыны заманауи монтаж кабинеті, компьютер мен басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Ал шығыс, оңтүстік, батыс, орталық, солтүстік облыстарда кез-келген жерден тікелей эфирге шығатын жылжымалы телевизиялық станциялар жұмыс істейді.