Президент атынан жастарға Конституцияның арнайы басылымы табысталды
Алматылық жастар мен креативті индустрия өкілдері алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысының атынан еліміздің жаңа Конституциясының арнайы басылымын алды.
Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаты мен Конституцияны табыстады. «Сізге жаңа Конституциямыздың арнайы басылымын табыстай отырып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қажырлы еңбегіңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін», – делінген хатта. Жиында Үкімет басшысының орынбасары Президенттің жастарға айрықша көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын және оларға үлкен үміт артатынын атап өтті. «Президент ұсынған Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстан идеясы да ең алдымен жаңа буынның жауапкершілігімен тығыз байланысты. Сіздер – Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағысыздар. Еліміздің болашағы Конституцияда бекітілген қағидаттардың өмірде қаншалықты жүзеге асатынына, ең алдымен, сіздердің білімдеріңізге, еңбектеріңізге және азаматтық жауапкершіліктеріңізге байланысты», – деді Аида Балаева. Елімізде соңғы жылдары білім мен ғылымға инвестиция бес есе, ал білім саласының бюджеті үш есе ұлғайды. Президент тапсырмасымен студенттердің стипендиясы өсті. Соңғы бес жылда білім беру грантының саны бір жарым есе артты.
Оксана Набиева, «Қазақша сөйлейік» клубының негізін салушы:
- Бұл тек қана құқықтық құжат қана емес. Мемлекетіміздің құндылықтарын азаматтар мемлекет арасында жауапкершілікті айқындайтын басты құрал болып табылады. Осы Конституцияның арқасында елімізде азаматтар дамып, өз жауапкершіліктерін, құқықтарын біліп, дами алады және қоғамға өзінің үлесін қоса алады. Сол кезде ғана біз мемлекет және азаматтар, барлығымыз бірігіп, өз құндылықтарымызды айқындап, ӘділеттіҚазақстан құра аламыз.
Нұрлан Биімбет, Qmed AІ жобасының негізін қалаушы:
- Конституция Президентіміздің атынан табысталып жатқанына алғысымызды білдіреміз. Ата заңнан біздің де күтеріміз, үмітіміз мол. Мұның басты құндылықтары – адамгершілік, әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік. Мемлекеттен жасалып жатқан қолдауды толық сезінеміз. Біздің мақсатымыз – елге, халыққа қызмет ету аянбай.