200-ден аса адам қандас мәртебесін алды

Ақмола облысына жыл басынан бері 200-ден астам этникалық қазақ көшіп келді. Олардың дені Моңғолия, Қытай және Ресейден қоныс аударған. 

Ата жұртқа асыққан ағайынға мемлекеттен жан-жақты көмек көрсетілді. Баспана алуға қаржы бөлініп, тұрақты жұмыс берілді. 

Атамекенін аңсап келгендердің бірі – Төлеужан Сайлауұлының отбасы. Моңғолиядан  келген олар Көкшетау іргесіндегі Нұрлы көш ауылында тұрады. Қазір мал өсіріп, нәпақасын тауып отыр.

Төлеужан Сайлау, Нұрлы көш ауылының тұрғыны:

- Өзіміздің қазақ еліміз, қазақ жұртымыз, жеріміз деп кезінде әке-шешемізбен бәріміз көшіп келгенбіз. Содан бері тұрып жатырмыз. Бала-шағамызды оқыттық. Иә, қазіргі біздің негізгі табыс көзіміз –  мал шаруашылығы. Бала-шағамызды осы малмен оқытып, осы малды бордақылап, сатып, жүріп жатырмыз. 

Ал Мерейгүл Бәділхан осы ауылдағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі боп істейді. Қазір жұрт қатарлы тұрмыс кешіп, отбасына қолдау көрсетіп отыр.

Мерейгүл Бәділхан, Нұрлы көш ауылының тұрғыны:

- Қазақстанға 2024 жылы қоныс аударып, келдік. Атамекенімізге келгеніміз балаларымыз, ұрпақтарымыз үшін атаменкенге, қазақ еліне жеткізейікші деп. Сол балаларымыздың келешегі үшін келдік. Келе қалғанда барлық көмегін көрсетті. Ақшалай көмегін берді. Үйін берді. Қазір енді жұмыспен қамтыды. 

Жалпы Нұрлы көш ауылы қандастардың жылы ұясына айналған. Мұнда 300-ге жуық түтін бар. Жеті мемлекеттен қоныс аударған мың жарымға жуық адам тұрады. Барлығы мемлекет тарапынан тиісті қолдау алған. Соңғы жылдары қандастарды жұмыспен қамту мәселесі де толық шешімін тапты. 

Ерлан Мұхамедин, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұрын қандастардың 30-40 пайызы ғана жұмыспен қамтылатын. Қазір бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіздік. Көшіп келген әр адам әуелі арнайы оқудан өтіп, мамандық меңгереді. Содан кейін оларға жұмыс табуға ықпалдасамыз. 

Айта кету керек, былтыр аймаққа мыңға жуық этникалық қазақ қоныстанды. Оларға мемлекет тарапынан 345 млн теңге бөлінді. Оның 256 миллионы үй сатып алуға, қалғаны пәтер жалдап, көшіп қонуға жұмсалды. Ал биыл жыл басынан бері 202 адам қандас мәртебесін алды. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный