Даңқты альпинист балаларға дәріс оқыды
Былтыр Алматы тауларында қиындыққа тап болған 600 адамға көмек көрсетілді.
Олардың басым бөлігі тауға алғаш рет шыққандар. Жәрдемге жүгінгендердің арасында қарапайым қауіпсіздік ережесін елемейтіндер жиі кездеседі. Әсіресе жазда таудағы демалыс орындарына келушілердің саны артады. Алматыда Қазақстан альпинистер федерациясының ұйымдастыруымен «Тау жүрек» жобасының екінші кезеңі өтті. Бастама аясында Бұтақты шатқалына 100-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында әлемге танымал альпинистер, экологтар мен еріктілер бар. Кәсіби спортшылар балалар үйінен келген 50-ге жуық тәрбиеленушіге шеберлік сағатын өткізді. Шара барысында тауда серуендеуге дайындық пен қауіпсіздік егжей-тегжейлі түсіндірілді. Одан кейін балақайлар аты аңызға айналған альпинист Мақсұт Жұмаевпен бірге Бұтақты сарқырамасына жол тартты.
Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан Альпинистер федерациясының президенті:
- Біз жобаға қатысушылар санын 100 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл бастаманы мектептерге енгізгіміз келеді. Мақсатымыз – таудағы қауіпсіздік ережелерін және табиғатқа қамқорлықты балаға ерте жастан үйрету. Осы арқылы олар қоршаған ортаны, әсіресе тауды ластамауды меңгереді.
Мақсұт Жұмаев, альпинист:
- Мен әлемдегі ең биік шыңдардың бәрін бағындырдым. Оның ішінде Эверест шыңына үш рет шықтым. Осы сияқты биіктігі 8 мыңға жуықтайтын 14 шыңды еңсерген екенмін. Ешқайсысына оттегі баллонын қолданған емеспін. Соның арқасында әлемдегі осындай үздік нәтиже көрсеткен 12 адамның бірімін. Ендігі мақсатым – бар білгенімді өзгелерге үйрету. Бүгінгі шеберлік сағаты соған дәлел.