Көкшетауда кітапханалар одағының көшпелі отырысы өтті
Көкшетауда Қазақстан кітапханалар одағының кезекті көшпелі отырысы өтті.
Алқалы жиында Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жарлығын іске асыру тетіктері талқыланды. Сонымен қатар кітапхана саласын дамытуға бағытталған бес стратегиялық бастама таныстырылды. Оның ішінде «Кітапхана ісі және кітап шығару» туралы заң жобасын әзірлеу, «Жылдың үздік 10 оқырманы» жобасын іске қосу, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын дайындау және ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру болды. Осы бағыттарға қатысты әр өңірден келген сала мамандары ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныс айтты. Кітапханалар одағының көшпелі отырысы осымен бесінші жыл ұйымдастырылып отыр.
Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:
- Цифрлық платформа болғаннан кейін оны әлем көру керек. Әлем көру үшін кітапханалық сипаттаманың өзі халықаралық стандартпен жазулы керек. Осындай кәсіби дүниелер. Сосын кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру. Кітапханашыларды «Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропа және басқа да елдерде кәсіби біліктілігін көтеру. Жасанды интеллектіні кітапхана ісіне пайдалану деген сияқты үлкен ірі спичтер болады.
Қуаныш Оспан, Ақмола облыстық Ғылыми әмбебап кітапханасының директоры:
- Жуырда білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітапхана жайында, кітап оқитын ұлт жайында жасаған жарлығы шықты. Оның аясында кітапхана туралы заң қабылданатын болды. Бүгін сол алдағы үлкен-үлкен мәселелер осы кітапханалар одағының отырысында талқыланады.