Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты түлектерін шығарып салды
Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында биыл мерейтойлық 25-рет түлектерді шығарып салу рәсімі өтті.
70-тен астам курсантқа алғашқы офицерлік «лейтенант» әскери атағы берілді. Олардың қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерге әскери кадрлар даярлау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама аясында білім алған Қырғыз Республикасының екі әскери қызметшісі де бар. Ширек ғасыр ішінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты төрт мыңнан астам офицерді даярлап шығарды. Бүгінде оның түлектері Қарулы күштерде қызмет атқарып, еліміздің қорғаныс қабілеті мен әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді.
Нұртас Қабақов, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы:
- Биыл міне 25 жыл болды институтымызға. Сол мерейтойға қарсы біздің 71 курсантымыз лейтенант шенін алып, үлкен офицерлік жолға сапар шегіп жатыр. Курсанттарға тек ақ жол тілейміз. Әскери жұмыста беделді, елімізге адал қызмет етіп, келешекте жақсы офицер болып, генерал болуға шын жүректен тілектеспін.
Бақытжан Оразбаев, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі:
- Бүгін біз үшін тарихи күн. 4 жыл бұрын курсант болып, табалдырығын аттаған институтымыздан енді офицер ретінде қанат қағып отырмыз. Осы жылдар ішінде білім алып, шыңдалып, нағыз әскери бауырластықтың қадірін түсіндік. Алдымызда жауапты қызмет күтіп тұр. Бізге артылған сенімді ақтап, Отанымызға адал қызмет етуге дайынбыз.