Қазақстандағы тұңғыш экстрадозды көпір Павлодарда 70 млрд теңгеге салынып жатыр

Елдегі алғашқы экстрадозды көпірдің құрылысы Павлодарда бел ортасына жетті. Ертіс өзені арқылы өтетін автокөлік өткелі бұрынғысынан бес метр биік салынып жатыр.

Бұл өзендегі кеме қатынасына қолайлы жағдай жасау үшін қажет.

Бұл – Қазақстандағы алғашқы экстрадозды көпір. Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік өткелі бұрын апатты деп танылған ескі көпірдің орнын басады. Ауқымды стратегиялық жоба ерекше инженерлік шешімдерімен және заманауи құрылыс технологияларымен ерекшеленеді. Көпір құрылысында қолданылып жатқан теңгерімді бетондау әдісі оның беріктігін арттырып, ұзақ мерзім қызмет етуіне мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, құрылыс аяқталғаннан кейін бұл нысан технологиялық күрделілігі жағынан еліміздегі ең озық көпірлердің біріне айналуы мүмкін.

Қазір аралық құрылымды тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. Көпірдің аралық бөлігі бірнеше темірбетонды секциядан тұрады. Арнайы қондырғылар бетон құйып болған соң, секциялар жоғары берікті арматура шоғырларымен бекітіліп, біртұтас құрылымға айналады. Жалпы ұзындығы 678 метр болатын аралық құрылымның қазір 376 метрі салынған.

Нұрмұхамет Бесембаев, жоба жетекшісі:

- Аралық құрылым бойынша орындалған жұмыстар 60 пайыздан асты, ал кірме үйінділер мен конустар бойынша жұмыстар 70–80 пайызға орындалған. Қазір жағалық тіректердің конустарын орнату және жер төсемін жасау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жол жамылғысын салуға арналған инертті материалдар жеткізілуде.

Көпірдің аралық тіреулеріне биіктігі 20 метр болатын мұнаралар орнатылады. Әрқайсысына  арнайы болат арқан бекітіледі. Олар алып құрылымның негізгі бөлігін ұстап тұру үшін қажет. Әр арқан жоғары берікті болат сымдардың 55 шоғырынан тұрады және аса ауыр жүктемеге төтеп бере алады.

Алексей Логвиненко, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ОФ директорының орынбасары:

- Бұл нысан теңгерімді бетондау технологиясымен салынып жатқан әлемдегі ең кең көпір болады. Ені 36 метр болатын көпір төрт жолақты қозғалысқа арналған. Сондай-ақ мұнда көпірдің техникалық жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап отыратын заманауи мониторинг жүйесі орнатылады.

Құны 70 миллиард теңгеден асатын жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытып, транзиттік әлеуетін арттырады. Мамандардың айтуынша, ол әлемдік инженерия саласында маңызды нысандар қатарына енген. Мамандардың мәліметінше, көпірді ұзақ уақыт қауіпсіз әрі сенімді пайдалану үшін ғылыми-зерттеу институты арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков