Ақтөбеде «Aqtobe Сinema» кинотеатры ашылды
Ақтөбеде жаңа заманауи Aqtobe Cinema кинотеатры ашылды. Салтанатты шара аясында жиналған қонақтарға отандық фильмнің премьерасы ұсынылды.
Көрермендер картинаны тамашалап қана қоймай, онда басты рөлдерді сомдаған актерлермен кездесуге мүмкіндік алды.
Облыс орталығында тағы бір мәдени-ойын-сауық орны жұмысын бастады. Aqtobe Cinema кинотеатрының ашылу рәсімі мерекелік форматта өтті. Іс-шараның басты ерекшелігі – «Бишарашки в Индии. В поисках мамы» фильмінің арнайы көрсетілімі болды. Көрермендер жаңа туындыны үлкен экраннан тамашалап, фильмде басты рөлдерді сомдаған актерлермен кездесті. Көрсетілім алдында шығармашылық топ көрермендермен тілдесіп, түсірілім барысындағы әсерлерін бөлісті.
Дариға Бадықова, актриса:
- Драмаға жақын, комедияға жақын драмкомедия дейміз, сондайға жақын, жақсы фильм боп шыққан екен. Өзім көрермендермен бірінші рет көремін киноны. Бірақ көрермендердің бізді белгілеуіне қарағанда жақсы барып жатқан сияқты бұл киноға. Сол себепті құтты болсын деймін. Кинолар көп болсын.
Жаңа Aqtobe Cinema кинотеатры жеті залдан тұрады. Жалпы сыйымдылығы 800-ден астам адамға арналған. Кинотеатр заманауи кинопроекция және дыбыс жүйелерімен жабдықталған. Сонымен қатар көрермендер үшін жайлы орындықтар қарастырылған. Кинотеатр аумағында попкорн, тіскебасарлар мен сусындар сатылады. Aqtobe Cinema ірі Aktobe Mall сауда және ойын-сауық орталығында ашылды. Мұнда отбасылық демалысқа барлық жағдай жасалған.
Дулат Қарман, «Aqtobe Mall» СОО коммерциялық директоры:
- Біздің басты мақсатымыз – халыққа және қала қонақтарына жайлы сауда жасауға, жақсы демалуға ұйымдастырып жатырмыз. Бізде 4-қабатта «Боно» боулинг клубы, джангл парк және басқа да үлкен шетелдік компаниялары бар.
Қонақтар фильмді үлкен экранда тамашалап қана қоймай, мерекелік концертке де қатысты. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары Мақпал Исабекова мен Луина өнер көрсетті.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов