Текелінің жылу электр орталығында күрделі жөндеу жұмыстары басталды
Текелінің жылу электр орталығындағы негізгі бу қазандығы жаңартылып жатыр.
Ірі станция қаланы 75 жылдан бері жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы облыста жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстары 2029 жылға дейін толық аяқталады, дейді мамандар. Ал биылғы жылыту маусымына дайындыққа 39 млрд теңге бөлінді.
Александр Савин жылу электр орталығында 30 жылдан бері жұмыс істейді. Айтуынша, бұрын барлық көрсеткіш қолмен реттелсе, қазір жұмысты заманауи цифрлық жүйе атқарады. Қалаға жарық пен жылу беретін үш қазандықтың жұмысы тәулік бойы басқару пультімен бақыланады. Негізі 10 жыл бұрын кәсіпорында технологиялық жаңғырту жүргізілген.
Александр Савин, ауысым басшысы:
- Автоматтандыру жүйесі 2016 жылы енгізілді. Жаңа жабдық орнатылып, қызметкерлердің жұмысы жеңілдеді. Қазір қондырғылардың жұмыс режимін бақылау әлдеқайда оңай. Температура, қысым, бу шығыны сияқты көрсеткіштің барлығы экраннан көрінеді. Мамандар жыл сайын келіп, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізеді.
Қазір Текеліні бір қазандық жылумен қамтамасыз етіп отыр. Желілерінің жалпы ұзындығы 79 шақырым болса, былтыр соның жартысы жаңғыртылды.
Юрий Кокорин, инженер:
- Жылу электр орталығында үш бу қазандығы жұмыс істейді. Барлығы жобалық қуатына толық сәйкес келеді. Электр қуатының ең жоғары жүктемесі – 24 мегаватт, ал жылу қуаты сағатына 42 гигакалорияны құрайды. Қазір №1 бу қазандығы мен №1 бу турбинасына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 7 тамызда аяқталады деп жоспарланып отыр.
Текелі мен Талдықорғанда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан заманауи газ турбиналы станциялар өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырады, дейді жауаптылар. Сонымен қатар өңірде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 32 нысанын салуға республикалық бюджеттен 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Карина Хаберова, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев