Павлодарда  бір топ жігіт зират күзетшісін пышақтап кеткен

Фото: umihelp.com

Павлодарда зират күзетшісіне қатыгез шабуыл жасалды, деп хабарлайды «24KZ». 

Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмағандардан құралған бір топ Павлодар қаласындағы зираттардың біріне заңсыз кірген. Оларды тоқтатпақ болған күзетшіге шабуыл жасалып, ер адамға оннан астам пышақ жарақаты салынған.

Зардап шеккен азамат – 1963 жылы туған ер адам. Ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

 «Аталған факті бойынша полиция қылмыстық істі тергеп жатыр. Іске қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.